Түркиядағы сириялықтар Башар Асад билігінің құлағанын тойлап жатыр

Түркиядағы сириялықтар Башар Асад билігінің құлағанын тойлап жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Бауырлас елдегі 3 млн-ға жуық босқын қала орталықтарында жиналып, «Сирия Асадтан азат етілді» деп ұрандатты.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Ыстамбұлда бас қосқан босқындар оппозициялық топтардың байрақтарын желбіретіп, ұрандатты. Таңертең басталған митингте шерушілер ұлттық халай биін билеп, бүгінгі күнді «Тарихи күн» деп атады.

Имад, сириялық босқын:

- Бүгін мен үшін тарихи күн. Қуанышты күн. Сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл күнге жеткенше қорқынышты жағдайды басымыздан өткердік. Қазір жаңа кезеңге аяқ бастық. Мен барлық сириялықтардың бірлесіп, бөлінбей, жаңа бастамаға қол жеткізуін тілеймін.

Юнис Хуссейн, сириялық босқын:

- Мен Түркияда тоғыз жыл тұрамын. Сирияда Асад режимінің астында көрген азаптарымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Түнде ұйықтай алмайтын едік. Бұрын менің ауылымның үстінен ұшқан 57 зеңбірек бізді қорқытатын. Бірақ қазір зеңбіректер жоқ, атқылау да жоқ. Адамдар үйіне оралып, отбасыларымен, жақындарымен, қауымдастарымен қауіпсіз өмір сүре алады.

Сириялық шерушілер елдерінің консулдық ғимаратына кіріп, Сирия туын алып тастады. Шам билігінің құлауынан кейін ресми Анкарадан алғашқы мәлімдемені Сыртқы істер министрі Хакан Фидан жасады. Айтуынша, Түркия Сирияның жаңа үкіметімен жұмыс істеп, елді қалпына келтіруге көмектеседі. Сириялық халық дағдарыстың салдарымен жалғыз күресе алмайды. Сондықтан әлемдік қауымдастық оны қолдауы қажет.

Хакан Фидан, Түркия сыртқы істер министрі:

- Сирия халқы өз елдерінің болашағын қайта қалыптастырады. Түркия Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығына үлкен мән береді. Елдерін тастап кетуге мәжбүр болған миллиондаған сириялықтар енді өз елдеріне орала алады. Инклюзивтілік принципінен ешқашан бас тартылмауы керек. Аймақтағы және аймақтан тыс барлық тараптарға сабырлы түрде әрекет етуге кеңес береміз. Сирияның аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс.

Сириядағы азаматтық соғыс нәтижесінде 13 млн сириялық өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Бұл – соңғы онжылдықтардағы ең үлкен көші-қон. Қоныс аударған сириялықтардың 6 миллионы, яғни жартысы, ел ішінде орын ауыстырған. 5 миллионға жуығы, яғни 41%-і сириялық көрші елдерде тұрып жатыр. Оның ең көбі Түркияда. Анадолыда олардың саны 3 миллионнан астам. Басты сұрақ: Түркиядағы босқындар еліне орала ма?

Емрах Кая, Халықаралық қатынастар сарапшысы:

- Сириядағы биліктің өзгеруімен, сириялықтардың көпшілігі өз елдеріне оралуға дайын екенін айтуға болады. Әрине, нақты сан беру өте қиын. Бірақ қазірдің өзінде қайтып оралу процесінің басталғанын білеміз. Сонымен қатар, Түркияда қалып қойған немесе Түркияда инвестиция жасап, отбасын құрған сириялықтар арасында Түркия мен Сирия арасындағы достық және бауырластық байланыстар нығаюда. Түркия Сириядағы өзгерістерді негізінен оң қабылдағанымен, олардың зорлық-зомбылықсыз жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін Асадпен әртүрлі байланыстар орнатуға тырысқан еді. Алайда бұл орындалмай, нәтижесінде қақтығыс ортасына қайта оралуға мәжбүр болды. Сондықтан қазіргі уақытта Түркия бұл жағдайды қолдап отыр және Сирияға оң көзқараспен қарайды.

Түркияны 10 жылдан астам уақыт бойы паналаған Сириялық босқындардың Отандарына қаншасы және қашан оралары белгісіз. Анығы сол, қарапайым халық елде бейбітшіліктің орнағанына толықтай көз жеткізуі тиіс. Сонда ғана көш жайында сөз қозғауға болатын сияқты.