Түркиядағы сириялық босқындар еліне қайта бастады. LIVE
Сириядағы жағдай өзге мемлекеттерге де әсер етпей қоймасы анық. Оның бірнеше себебі бар. Соның бірі 2011 жылдан бері елдегі азаматтық соғыс салдарынан сириялықтардың көбі басқа елдерге қашып барған еді. Шам халқының біразы, әсіресе көрші Түркия елін паналаған.
Түркияда 3 млн-нан астам сириялық бар. Дамаскідегі жағдайды сондағы Сирия жұртшылығы қалай қабылдады? Ресми Анкара не дейді?
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Сириядағы азаматтық соғыс кезінде 13 миллион тұрғын өз үйлерін тастап қашып, өзге елдерді паналады. БҰҰ есебі бойынша бұл кейінгі онжылдықтағы ең ірі көші-қон. Қоныс аударған сириялықтардың 6 миллионы, яғни жартысы ел ішінде орын ауыстырған. 5 миллионға жуығы, нақтырақ айтсақ, 41%-і көрші елдерде тұрып жатыр. Оның ең көбі Түркияда. Анадолыда олардың саны 3 миллионнан астам. Мұндағы жұртшылықтың алғашқы легі 2011 жылы келген. Тап осы босқындар сенбі күнінен бері Түркияның бірқатар қаласында бас қосып, «Сирия Асадтан азат етілді» деп ұрандатып жатыр. Ыстамбұлда бас қосқан босқындар оппозициялық топтардың байрақтарын желбіретіп ұрандатты. Дал осы жерде айта кету керек, оппозициялық топтар жасыл, ақ және қара түстерден құралған және үш жұлдыз бейнеленген байрақтарды ұстап шықты. Тап осы байрақ – Сирия Араб республикасының тұңғыш байрағы. Таңертең басталған митингте шерушілер ұлттық халай биін билеп, ән шырқады. Ыстамбұлдан бөлек, Шанлырфа, Газиантеп, Килис пен Анкара провинцияларында сириялықтар шерулетті. Сириялық шерушілер елдерінің Ыстамбұлдағы консулдық ғимаратына кіріп, Сирия туын алып тастады.
Насиф Канан, сириялық босқын:
- Аллаға шүкір. Біз Сирияға қайта оралатынымызға қуаныштымыз. Аллаға шүкір, соғыс аяқталды. Бұл біздің өміріміздегі ең үлкен тілегіміз еді.
Махмуд әл-Али, сириялық босқын:
- Иншалла, мен тағы бір-екі жыл бойы университетті бітіріп, сосын қайтып барамын.
Сириядағы жағдайға қатысты Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан Қатар астанасы Дохадан пікір білдірді. Фиданның айтуынша, Сирия халқы өз елінің болашағын қайтадан өзі қалыптастырады. Асад билігінің құлау себептеріне тоқталған Түркия сыртқы істер министрі 2016 жылы Астана процесінің көмегімен Сириядағы қақтығысты «тоқтатып қою» мүмкін болғаннан бері режимде «қазіргі мәселелерді шешуге арналған шын мәнінде құнды уақыт болды», – деді.
Факан Фидан, ТР сыртқы істер министрі:
- Түркия Сирияның ұлттық бірлігіне, тұрақтылығына, егемендігіне және аумақтық тұтастығына өте үлкен мән береді. Сонымен қатар Сирия халқының әл-ауқатын да назардан тыс қалдырмайды. Осы тұрғыдан алғанда, елдерін тастап кетуге мәжбүр болған миллиондаған сириялықтар енді өз елдеріне қайта оралуы мүмкін. Жаңа әкімшілік ұйымдасқан түрде құрылуы керек. Инклюзивтілік принципі бұзылмауға тиіс. Елді қалпына келтіру уақыты келді. Біз өңірдегі және оның сыртындағы барлық жауапты тұлғаларды мұқият және сабырлы әрекет етуге, одан әрі тұрақсыздандыруға жол бермеуге шақырамыз. Түркия террорлық ұйымдардың, әсіресе ДАИШ пен «Күрдістан жұмысшы партиясының» Сириядағы жағдайды пайдаланбауы үшін барлық күш-жігерін жұмсайды. Біз терроризммен күресте қажетті шараларды қабылдаймыз.
Түркияны 10 жылдан астам уақыт бойы паналаған сириялық босқындардың қаншалықты бөлігі елдеріне оралады? Бұл қалай жүзеге аспақ?
Емрах Кая, халықаралық қатынастар сарапшысы:
- Сириядағы биліктің өзгеруімен, сириялықтардың көпшілігі өз елдеріне оралуға дайын екенін айтуға болады. Әрине, нақты санын айту өте қиын. Бірақ қазірдің өзінде қайтып оралу процесінің басталғанын білеміз. Сонымен қатар Түркияда қалып қойған немесе Түркияда инвестиция жасап, отбасын құрған сириялықтар Түркия мен Сирия арасындағы достық және бауырластық байланыстарын нығайтып жатыр. Түркия Сириядағы өзгерістерді негізінен оң қабылдағанымен, бұл өзгерістердің зорлық-зомбылықсыз жүзеге асуын қамтамасыз ету үшін Асадпен әртүрлі байланыстар орнатуға тырысқан еді. Алайда бұл орындалмай, нәтижесінде қақтығыс ортасына қайта оралуға мәжбүр болды. Сондықтан қазіргі уақытта Түркия бұл жағдайды қолдап отыр және Сирияға оң көзқараспен қарайды.
Жергілікті ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, бір күннің өзінде шекара қақпасынан мыңдаған босқын елдеріне өткен. Дегенмен сириялық босқындардың отандарына қаншасы және қашан оралары белгісіз. Анығы сол қарапайым халық елде бейбітшіліктің орнағанына толықтай көз жеткізуге тиіс еді. Сонда ғана көш жайында сөз қозғауға болатын сияқты.