Израиль премьер-министрінен жемқорлық бойынша сотта жауап алынады

Жемқорлық демекші Израильде премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға қатысты жемқорлық бойынша сот ісі қайта жанданды. Ал Қытайда үшінші қорғаныс министрі пара алды деген айыппен тергеліп жатыр. Сондай-ақ Еуроодақтың бұрынғы Әділет комиссары ақша жымқырды деген күдікке ілінді.

Бүгін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудан жемқорлық бойынша алғаш рет жауап алынады. Бұл іс негізі 4 жыл бұрын басталған. Сот тыңдауы былтыр қарашада өтуі керек еді, бірақ соғыс сылтауымен кейінге шегеріліп келді. Сот отырысы Тель-Авивтегі жерасты бөлмеде өтеді. Бұл қауіпсіздік үшін қажет. Израиль барлау қызметі қазіргі жағдайда Нетаньяхуға кез келген уақытта қастандық жасалуы мүмкін деп ескерткен. Премьер-министрге алаяқтық, жемқорлық және қызметін асыра пайдаланды деген 3 айып тағылып отыр. Негізі Нетаньяхудың адвокаттары отырысты алдағы жылдың наурызына ауыстыруды өтінген, бірақ сот мұнымен келіскен жоқ.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Ақпарат құралдары мені соттан қашып жүр деп жазды. Бұл өтірік. Бар шындықты айтуым үшін осы сот отырысын күтіп жүргеніме 8 жыл болды. Өзіме тағылған жалған, ақылға қонымсыз айыптарды біржола жоямын. Бұл тергеулер алдамшы деректерге негізделген. Айыптаушылар қылмыс құрамын іздеді, бірақ таппады, сосын ойдан шығарды.

 

Қытайда үшінші Қорғаныс министрі жемқорлыққа байланысты тергеліп жатыр

Қытайда кезекті Қорғаныс министрі жемқорлық бойынша тергеліп жатыр. Әзірге қандай айыптардың тағылғаны белгісіз. Ресми Бейжің ешқандай түсініктеме берген жоқ. Оған дейін болған екі Қорғаныс министрі коррупция былығына байланысты орнынан босаған еді. Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Саяси бюросы 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлықпен күрес жоспарын талқылаған отырыс өткізді. Жиналысқа Си Цзиньпин төрағалық еткен. Ол Қытайдың халықтық-азат ету әскеріне қатысты толыққанды тергеу жүргізуді тапсырды.

 

Әділет Еурокомиссары ақша жымқырды деген күдікке ілінді

Еуроодақтың Әділет комиссары Дидье Рейндерс қызметінен босаған бетте ақша жымқырды деген күдікке ілінді. Бельгия полициясы оның үйін тінтіген. Тергеу мәліметі бойынша Рейндерс Әділет министрлігіне бағынышты Ұлттық лотерея ұйымынан бірнеше жыл бойы ұтыс билеттерін қолма-қол ақшаға сатып алып отырған. Шенеуніктің қыруар қаржыны қайдан алғаны белгісіз. Бұған ол тергеу ісінде жауап беруге тиіс. 2019 жылы Рейндерске пара алуға қатысы бар деген айып тағылған. Экс-комиссар: «Еш кәнім жоқ», – деп ақыры ол іс тоқтатылған еді.

Авторы: Ернат Рахметолла.