Швейцария мен Италия Альпі тауындағы шекарасын өзгертті

Бүгін Халықаралық тау күні.

Ол 2003 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен бекітілді.

11 желтоқсан – Халықаралық тау күні. Айтулы дата 1992 жылы БҰҰ-ның  Қоршаған орта және даму жөніндегі конференциясында қабылданып,  2003 жылы Бас Ассамблеяның қарарымен бекітілді. Бұл күннің негізгі мақсаты – әлемнің табиғи байлығын сақтау, таулы аймақтардың байырғы тұрғындарын қолдау, тау жоталарының проблемалары мен маңыздылығы жайлы халықты хабардар ету. БҰҰ-ның ресми мәліметтеріне сәйкес, таулы аймақтарда әлем халқының 15 пайызға жуығы өмір сүреді. Ал әлемдегі өсімдіктер өсетін және жан-жануарлар мекендейтін аумақтардың жартысына жуығы таулы аймақ саналады.

Швейцария

Швейцария мен Италия жаһандық жылыну салдарынан мұздықтардың еруіне байланысты Альпі тауындағы шекарасын өзгертті. Екі ел арасындағы келісімнің бастапқы нұсқасын Италия-Швейцария бірлескен комиссиясы 2023 жылғы мамырда әзірледі. Биыл 27 қыркүйекте Швейцария оны ресми түрде мақұлдады. Ал Италия  жақын арада шешім қабылдауы керек. Шекара Роза үстірті, Каррель панасы және Гоба-ди-Роллин аймақтарында өзгереді. Ол жақта Альпідегі биік Маттерхорн шыңы мен тау шаңғысы курорттары орналасқан.  Қайта бөлу мәселесі таулардағы шекараның біраз бөлігі табиғи сызықтар бойынша өтетіндіктен  туындаған. Температураның көтерілуіне және мұз бен қардың еруіне байланысты көптеген шекара белгісі жылжыған. Швейцария жағы шекараны өзгерту кезінде екі елдің экономикалық мүддесі ескеріледі деді. Нақты қандай өзгеріс екені келісімге қол қойылғаннан кейін жария етіледі. Швейцария мұздықтарын бақылау қызметінің мәліметіне сәйкес, температураның көтерілуіне байланысты  2023 жылы Альпідегі мұз қабатының 4 пайызы, 2022 жылы – 6 пайызы кеміген. Екі жыл ішінде мұздық ауданы 10 пайызға қысқарған. Кейінгі жылдары Альпіде жаз ыстық болып, ал қыста қар аз түсетін болған. Ал, кейбір шағын мұздықтар жойылып кеткен. 

Туризм тау экожүйесінің жағдайын жақсартуға септігін тигізуі мүмкін. БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы өкілдері осылай дейді. Былтыр жарияланған баяндамаға сәйкес, тау туризмі тиімді басқарылған жағдайда келушілер саны артып, жергілікті тұрғындардың табысы артады. Соның арқасында табиғи ресурстар мен мәдениетті де сақтап қалуға мүмкіндік туады. Ресми мәлімет бойынша бүгінде әлем бойынша шамамен 1,1 миллиард адам тауда өмір сүреді. Олар үшін жалғыз табыс көзі  туризм саналады. Алайда ең таулы 10 елдің халықаралық туризмдегі үлесі небәрі 8 пайызды құрайды.