Сирияда уақытша үкімет құрылды

Сирияда Башар Асад билігі құлағаннан кейін уақытша үкімет құрылды, деп хабарлайды 24kz.

Алдағы уақытта халық санағы жүргізіліп, еркін сайлау өткізілуі тиіс. Ал сарапшылар: «Елдегі билік ауысқаннан кейін жан-жаққа бас сауғалаған мигранттар нөпірі азаяды», - деп топшылап отыр. 14 жылда Араб республикасынан 14 миллиондай адам кетіп қалған.

Сирияда уақытша үкімет құрылды. Оған ресми билікке балама болған Идлиб провинциясын басқарған оппозициялық құрылым – «Сирияны құтқару үкіметінен» бірнеше министр кірген. Шенеуніктер алдағы жылдың 1 наурызына дейін өз міндетін атқарады. Уақытша үкімет мемлекеттік мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халыққа қажетті қызмет түрлерін көрсетуге жауапты. Бұған дейін уақытша премьер-министр болып Мұхаммед әл-Башир тағайындалған еді. Оны сарапшылар көтерілісші топ жетекшісінің жақын сыбайласы деп атайды. Әл-Башир 2022 жылы Сирияның даму және гуманитарлық мәселелер министрі болған.

 

Сирия билігінің ауысуы Еуропадағы көші-қон жағдайына әсер етуі мүмкін

Сирияда билік ауысқаннан кейін Еуропаға ағылған мигранттар нөпірі азаяды. Одақ өкілдері осылай деп топшылап отыр. БҰҰ-ның дерегінше, Араб республикасында 2011 жылы азаматтық соғыс басталғалы 14 миллиондай адам елден кеткен. Көбін Түркия, Ирак пен Ливан қабылдаған. Біразы Кәрі құрлыққа, соның ішінде Германияға барған. Ресми ақпарат бойынша неміс елінде бүгінде 970 мың Сирия азаматы тұрып жатыр. Башар Асад билігі құлағаннан кейін Еуропаның 10 мемлекеті сириялықтардың саяси баспана туралы сауалын қарастыруды тоқтатты. Ал кейбір елдер оларды отанына қайтару жайлы ойлана басатған. Мысалы, Австрияда кейінгі 5 жылда құжат алған 40 мың сириялықтың мәртебесін қайта бағалау процесі басталып кетті.

 

Таяу Шығыс елдері Израильді айыптады

Ал Таяу Шығыс елдері Израильдің Сирия аумағына қарай дендеп еніп бара жатқан әрекетін айыптады. Бұлар негізінен араб мемлекеттері. Қатардың Сыртқы істер министрлігі еврей елінің қазіргі алмағайып жағдайды пайдаланып, Сирияның егемендігіне қол сұғып жатқанын айтады. Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы істер министрлігі де Израильдің Голан жотасындағы буферлі аумақты басып алғанына наразылық білдірген. Мысырдың Сыртқы істер министрі Бадр Әбдел Аати түрік әріптесі Хакан Фиданмен телефон арқылы сөйлесіп, «Сирияның жер тұтастығы мен егемендігін қолдаймыз», - деді.

 

Израиль Сирияны соққылап жатыр

Осы Израиль әскері 2 күннен бері Сирияны шабуылдап жатыр. Осы сәтке дейін 480 әуе соққысы жасалған. Бомбалар Дамаск, Хомс, Тартус, Латакия мен Пальмир қалаларына тасталды. 15 әскери кеме, зенит батареялары, аэродромдар, қару-жарақ қоймалары, зымыран ататын қондырғылар мен әскери инфрақұрылымның басқа да нысандары талқандалған. Израильдің The Times of Israel басылымы осылайша, қару-жарақтың стратегиялық қорының басым бөлігі, сондай-ақ, олардың лаңкестік топтардың қолына түсу қаупі де жойылды деп хабарлады. BBC телеарнасының мәліметі бойынша еврей елінің қарулы күштері араб елінің әскери инфрақұрылымының 70%-тен астамын тас-талқан еткен.