Газа секторында ұн тапшы
Газа Секторында азық-түлік дағдарысы ушығып барады, деп хабарлайды 24kz.
Мұнда, әсіресе, ұн тапшы. «Рейтер» агенттігінің хабаралауынша, Израиль әскері бұл өнімнің аймаққа жеткізілуін шектеген. Содан баға 10 есе өскен. Қазір ұнның бір келісі шамамен 13 доллар. Бұл біздің теңгеге шаққанда 6,5 мыңнан асады. Әсіресе, оңтүстік және орталық аудандардағы ахуал күрделі. Азық-түлікке кезекте тұрған адамдар тапталып қаза болып жатыр. Оның үстіне дүкендерді тонау деректері де жиілеп кетті. Халықаралық ұйымдар Израиль әскерін Газа секторына гуманитарлық көмектің жеткізілуіне бөгет жасамауға шақырды. Бірақ еврей елі: «Тасымалды шектеп отырған жоқпыз», дейді.
Мохаммад Ассар, босқын:
- Таңғы 7-ден бері нанға кезекте тұрмын. Бәрі шектеулі. Отбасымызда 10 адам бар. Берген нандары бәріне жетпейді.