Өзбекстанда трансшекаралық өзендер мәселелері талқыланды

Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамы Орталық Азияның климаттық мәселелерін зерттеп, тиімді шешу жолдарын ұсынады, деп хабарлайды 24kz.

Ауқымды жобаға 10 млн еуро қаралған. Ұйым бағдарламаның алғашқы кезеңін бастап кетті. Оның аясында 5 трансшекаралық өзен жайы бағамдалып, жергілікті мамандар жаңа әдістеме бойынша оқытылып жатыр. Кезекті семинар Ташкентте өтіп, сарапшылар пікірі сараланды.

Герман халықаралық ынтымақтастық қоғамы немесе GIZ. Орталық Азияның климаттық ахуалын зерделеуді бастаған ұйым аймақтағы 5 мемлекетке тәжірибелік көмек көрсетпек. Бағдарлама Германия үкіметі тарапынан қаржыландырылған.

Сергей Макаров, «GIZ» климаттық тәуекелдерді басқару өңірлік бағдарламасының басшысы:

- Барлық 5 мемлекетте жобамыз жүзеге асып жатыр. Негізгі 3 бағытымыз бар. Ең маңыздысы трансшекаралық өзендердегі тәуекелдерді бағамдау. Бұл ретте біз бір мемлекеттен әзірге бір ғана су айдынын таңдап отырмыз. Зерттеу барысында оған климаттың қаншалық әсер етіп жатқанын және жергілікті халыққа ықпалы қандай екенін білуді көздедік. Техникалық бағалау жүргіздік. Енді келер жылы тәуекелдерді азайту бойынша нақты іске кірісеміз.

Бірлестік аймақтағы су жетіспеушілігі проблемасына баса көңіл бөліп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл бағыттағы кез келген болжам көңіл көншітпейді. Су көлемі кеміп, тұтынушы саны өсіп келеді.

Айжан Мамедалиева, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі басқармасының бас сарапшысы:

- Қазір құрғақшылыққа жиі тап болып жатырмыз. Климат өзгеріп, кейде оның соңы тіпті су тасқынына ұласуда. Сондықтан жағдайға қарай бейімделуіміз керек. GIZ ұйымы ұйымдастырған семинарда түрлі әдістемелерді қарастырып, тиімдісін алатын боламыз.

Халықаралық жоба аясында биыл алғаш рет 30 маман оқытылды. Олар экономика салаларын климаттық өзгеріске, соның ішінде ең алдымен су тапшылығына бейімдеу әдістерін меңгеріп шықты.

Айта кетейік, GIZ зерттеуіне іліккен трансшекаралық 5 өзеннің бірі – Шу. Сарапшылар су айдынының арнасы тарылып бара жатқанын айтады.

Мирабид Мирдадаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері:

- Жобаға Жамбыл облысының Шу ауданы таңдалды. Ол жер ауыл шаруашылығымен айналысады. Судың азаюына байланысты жергілікті климат өзгеріп жатыр. Енді шаруашылықты соған сай бейімдеп, суды үнемдеп пайдалану жағын енгізетін боламыз. Сосын сол тәжірибе басқа да аймақтарға таратылады.

Мұндай климаттық мәселелердің бір парасы әрі қолға алынатын шаралар тізбегі елімізде әзірленіп жатқан су кодексінде көрініс тапқан. Соған қарамастан Қазақстан халықаралық ұйымдармен байланысын тоқтатпақ емес. «Су тапшы ресурс болғандықтан, оны тиімді игерудің озық әдістерін енгізу ел экономикасына аса қажет», - дейді мамандар.

Авторы: Рауан Мыңбаев