Дамыған елдерде ақысыз медициналық қызмет көрсетіледі

Әлемнің біраз дамыған елінде біздегідей тұрғындарға ақысыз медициналық қызмет көрсетіледі. Бірақ көп емес. Бұл тізімді биыл Ұлыбритания, Канада мен Бразилия бастап тұр. Citizens international келтірген дерек осындай. Мұндай әмбебап денсаулық сақтау жүйесі науқастарға сапалы қызмет пен емдеудің озық әдісін ұсынады. Сондай-ақ әлеуметтік теңдік, инклюзивтілікті басты орынға қояды.

Әлемде 4,5 млрд адамға медициналық қызмет қолжетімсіз

Бүгін – Халықаралық денсаулық сақтау қызметімен қамту күні. БҰҰ Бас ассамблеясы 2012 жылы дәл осы күні қарар қабылдап, ресми бекітті. Денсаулық сақтау қызметімен қамту әр адамның қаржылық қиындыққа тап болмай, медициналық қызметпен қамтылуын көздейді. Бірақ жер шарында 4,5 миллиард адамға мұндай көмек әлі де қолжетімсіз.

Кейінгі 20 жылда ұйымның халықты қаржылай қолдау мүмкіндігі шектеліп, 2 миллиард адам материалдық қиындыққа тап болды. Тағы 1,3 миллиард кісі денсаулық сақтау шығынына байланысты кедейлікке ұшырады. Денсаулық сақтау қызметімен қамту ұйымы 2030 жылға қарай жүйені жаңартып, мықтап дамытуды көздеп отыр.

 

Ақысыз көмек – басты міндет

Медициналық жүйені мықтап қолға алған елдер де бар. Бұл салада әлем бойынша озық ел – Бразилия. Мұнда емдеу қызметінің бәрі тегін, оны үкімет қаржыландырады. Билік жергілікті тұрғындарға ғана емес, сондай-ақ сырттан келген босқындарға, саяхатшыларға да ақысыз көмек ұсынады. Екпеден бастап, жедел жәрдем, амбулаториялық емдеу, отаға дейінгі қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Бұл жүйе 1988 жылдан бері қолданыста. Мұнан соң Ұлыбритания мен Канада озық қоғамдық денсаулық сақтау жүйесімен танымал. Корольдікте тегін көмек салық есебінен қаржыландырылса, Канадада үкіметтің құзырында. Қолжетімді медициналық қызмет Канада халқының өмір сүру ұзақтығын ұлғайтты. Мұнан соң Австралия мен Дания үздік бестікті толықтырады. Австралияда Medicare жүйесі аясында тұрғындар көрсетілетін қызметтен бөлек, дәрігердің тағайындауы бойынша тегін дәрі-дәрмекпен де қамтылады.

 

Америкалықтарға COVID-ке қарсы сынақ жиынтығы тегін беріледі

Таяуда АҚШ федералды үкіметі америкалықтарға COVID-ті анықтау жиынтығын тегін тарату бағдарламасын жүзеге асырды. Байден әкімшілігі пандемия кезеңінен кейін жобаны былтыр қайта қолға алып, биыл да жалғастырды. COVID жиынтығының сомасы дәріханаларда 19 АҚШ доллары шамалас. Халыққа қолжетімді ету мақсатында қолға алынған жобаны ел үкіметі аймақта COVID жұқпалы дертінің кең таралуымен байланыстырады. Осылайша, АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығы науқастарды емдеу орындарына жатқызу өсімімен күресу үшін қосымша шығынсыз сынақ жинағын, вакцина және емдеу әдісін ұсынып отыр. Әр отбасы төрт сынақ жиынтығын алуға құқылы. Қыркүйекте басталған жоба кей штаттарда әлі жалғасып жатыр.

Мэнди Коэн, дәрігер:

- Тұмау өршитін қыс-күз айларында тұтас халықты ауруға қарсы сынақ жиынтығымен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жоба аясында медициналық сақтандыруы жоқ тұрғындар да тестпен тегін қамтылады.

 

Пәкістанда науқастарға дәрі тегін жеткізіледі

Пәкістанның Пенджаб провинциясында ел үкіметі созылмалы аурулары бар науқастарға дәрі-дәрмекті үйіне тегін жеткізу жобасын қолға алды. Бірақ ақысыз берілетін дәрілік препарат көлемін екі есе қысқартқан. Билік тұрғындардың жол шығынын азайтып, уақытын тиімді өткізуі үшін осындай қадамға барған. Сондай-ақ күнделікті ауруханаға келетін науқастардың санын қысқарту мақсатында осы жобаны жүзеге асырды.

Айта кетейік, әр емдеу мекемесі тәулігіне кемінде 4 мың емделушіге дейін қабылдайды.

Азмат Мехмуд, Пенджаб провинциясы мамандандырылған денсаулық сақтау және медициналық білім беру мекемесінің хатшысы:

- Пенджаб бас министрі тарапынан дәрі-дәрмекті үйге тегін жеткізу қатаң бақыланып отыр. Мамыр айынан бері онкология, гепатит, туберкулез және жүрек ауруымен ауыратын 80 мыңнан астам науқастың үйіне тегін дәрі-дәрмек жеткізілді. Препаратты емделушіні биометриялық тексергеннен кейін ғана мекенжайына жолдаймыз.

 

Аргентина зейнеткерлерді тегін дәрімен қамтуды шектеді

Ал Аргентина үкіметі зейнеткерлерді тегін дәрі-дәрмекпен қамтуды шектеп тастады. Бұған наразы мыңдаған тұрғын Буэнос-Айрес қаласында шеруге шығып, биліктің бастамасына қарсылық білдірді.

Зейнеткерлердің орташа зейнетақысы 250 доллар. Үкімет оларды тегін дәрі алу жеңілдігінен шектеп тастаса, күнкөріс қиындай түседі дейді. Ал билік болса мұны елдегі инфляциямен байланыстырып отыр. Қажеттілігі бар егде жастағыларға ғана ақысыз дәрі таратылады.

Айта кетейік, Аргентинада қазан айында инфляция деңгейі 2,7% төмендеп, кейінгі үш жылдағы ең төменгі көрсеткішке жетті.

Эдуардо Барнейкс, зейнеткер:

- Қартайған шағымда әділетсіздікке тап боламын деген үш ұйықтасам да, түсіме кірген емес. Сол ақшаны дәріге жұмсамай, қажетімізге жаратар едік қой. Енді азғантай зейнетақыға пәтерақы төлеймін бе әлде салық па? Сонда қалай күн көреміз?!

Дені сау адам – дені сау қоғам. Әлемде медицина берік әрі қолжетімді болса, саулығына сауға сұраушылар азаяр еді. Өйткені халқы аман болса ғана қоғам дамиды, ел өркендейді.