Норвегиялық компания шаруасына көмектесетін гуманоидты робот жасап шығарды

Норвегиялық компания шаруасына көмектесетін гуманоидты робот жасап шығарды

Әлемде адам тәрізді құлтемірлерді жасап шығаруға талпынған компаниялар көбейіп, бәсекелестік артты, деп хабарлайды 24kz.

Танымал норвегиялық 1X компаниясы осындай жаңа роботын таныстырды. Бірлестіктің құлтемірі күнделікті өмірде үй шаруасына көмекші ретінде пайдалануға арналған.

Норвегиялық технологиялық алпауыттың жасап шығарған гуманоидты роботы NEO деп аталады. Оны көпшілікке бірлестіктің бас директоры Бернт Борнич таныстырды. Компания басшысының айтуынша, құлтемір еденді сыпырып, қоқысты жинау сияқты адамдардың күнделікті үй шаруаларына көмектесуге бейімделіп жасалған. «NEO нәзік жандарға таптырмас көмекші бола алады», - дейді Борнич.

Бернт Борнич, 1X компаниясының бас директоры:

- NEO ең озық технологияларды қолдана отырып жасап шығарылған гуманоид робот. Біз оны қолданысқа енді енгізгелі отырмыз. Ол киім жуу, үй жинау сияқты көптеген тапсырманы орындай алады. Құлтемірдің тағы бір ерекшелігі адамдармен тілдесіп, білімін жетілдіре алады. Яғни, жаңа ақпаратты тікелей меңгеріп, дағдыларын дамытуға мүмкіндігі бар.

Жасанды интеллект пайда болуымен әлемде гуманоидты роботтардың дамуы айтарлықтай алға басты. Бұл технологиялық компаниялардың өз өнімдерін әзірлеуде күрделі функцияларды қамтуға жол ашқан. 1X бірлестігі де NEO-ның бағдарламалық жасақтамасына жасанды интеллектіні енгізе отырып, оның қарым-қабілетін жетілдіруге қол жеткізгенін айтады.

Бернт Борнич, 1X компаниясының бас директоры:

- Бұл құлтемірді жасауға кіріспес бұрын біз Eve деп аталатын басқа роботты зерттеп көрдік. Оның үй шаруаларын қалай істейтінін және адамның гуманоид роботпен бірге өмір сүруі қалай болатынын бақыладық. Бұл өте пайдалы тәжірибе болды. Тек осыдан кейін NEO жобасын қолға алдық. Гуманоид құлтеміріміз көпшіліктің көңілінен шығады деген үміттеміз.

NEO-ның коммерциялық нұсқасы 2025 жылы нарыққа шығарылады деп жоспарланып отыр. «Құлтемірдің бағасы орташа санаттағы автокөліктің құнынындай болады», - дейді компания өкілдері

Авторы: Динара Орынтай