Африкада халыққа піл еті таратылады
Қыс қаһарын төгіп, қауіп-қатерді күшейткенімен, бұл аңшылардың олжаға кенеліп, қанжығасын майлайтын кезең. Әлемде 50 млн-ға жуық лицензиясы бар аңшы тіркелген, деп хабарлайды 24kz.
Көбі – америкалықтар. Hunting Statistics осылай дейді. Қазір біраз елде аңшылық маусым АҚШ-та ашық. Бірақ тек елік аулау заңды. Ал Еуропаның кей елдерінде жыл оны екі ай қабан атуға болады?
Тақауда Намибия үкіметі 700-ден астам жануарды аулауға рұқсат етті. Оның ішінде піл, зебра, буйвол, импала және бегемот бар. Үкімет бұл шешімнің себебін қуаңшылықпен байланыстырады. Яғни, егін шықпай, халыққа аштық қаупі төнген. Кейінгі дерекке сүйенсек, Намибия жұртының жартысынан көбі, яғни 1,4 млн адам ас-суға мұқтаж. Қазірдің өзінде 83 піл ауланып, мұқтаждарға таратылды. Бұл қадамды қуаңшылық жайлаған Зимбабве билігі де қолға алды. Олар аштықтан зардап шеккен тұрғындарды тамақтандыру үшін 200 пілді атуды жоспарлап отыр. Егер өнім аздық етсе, бұл сан әлде де өсуі мүмкін. Айта кетейін, Зимбабвені 80 мыңнан астам піл мекендейді.
Исландияда кит аулауға рұқсат етілді
Ал Исландия 2029 жылға дейін кит аулауға рұқсат етті. Аңшылар маусым-қыркүйек айларында 400-ден астам сүтқоректіні сойысқа жіберуі мүмкін. Бірақ биліктің бастамасы жануарлар құқығын қорғаушылар тарапынан дауға ұшырады. Олардың сөзінше, бұл аң-құсты қорғау заңына қарама-қайшы. Дегенмен, үкімет өз дегенінен танбай отыр. Айта кетейік, әлем бойынша тек Исландия, Норвегия және Жапонияда кит аулауға рұқсат етіледі.
ЕО қасқырларды қорғау мәртебесін ауыстырды
Кейінгі онжылдықта Еуропада қасқыр популяциясы екі есе ұлғайды. Оның сирек кездесетін түрі де көбейген. 2016 жылы бар болғаны 14300 қасқыр тіркелсе, көрсеткіш 7 жылда 6 мыңға өскен. Сол себепті Еуроодақ жыртқышты «қатаң қорғалатын» мәртебеден «қорғалатын» мәртебеге ауыстырды. Бұл келер жылдың наурызынан бастап күшіне енеді. Енді аңшылар рұқсат етілген кезеңде қасқыр аулай алады. Бірақ оларға ретсіз шабуыл жасап, өлтіруге болмайды. Тек мал-жанға, егістік алқабына айтарлықтай қауіп төнгенде ғана атуға құқылы.
Жыртқыштарға қарсы робот қолданыла бастады
Ал Жапонияда халықпен бірге аңшылар да қартайып барады. Мұның соңы аюлар шабуылының көбеюіне әкелді. Былтыр наурыздан осы жылдың наурызына дейін Күншығыс елінде түз тағысы тарапынан 219 шабуыл жасалған. Солардың алтауы кісі өлімімен аяқталды. Ал 2020 жылғы статистикаға жүгінсек, мұнда аң-құс атуға рұқсаты бар аңшылардың 60 пайызы алпысты алқымдаған. Билік қариялардың аюмен алыспақ былай тұрсын, қару ұстауға шамасы жете ме деп алаңдайды. Осы себепті олар мәселені былай шешуге кіріскен. Жергілікті компания жасап шығарған роботты жыртқышқа қарсы қолдана бастады. Бұл құлтемір 60 түрлі дыбыс шығарады. Ұлиды, адамның да даусын салады. Атылған оқтың жаңғырығын бір шақырымға дейін жеткізіп береді. Жапон билігі аңшылықты үйренетін жастар табылмаса, осылай амалдауға мәжбүр.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева