Әлем елдері вандализммен қалай күреседі?

Әлем елдерінде қоғамдық мүлікті бүлдіргендерге қатысты жаза қатаң. Бұл бірқатар елде қылмыс ретінде саналады, деп хабарлайды 24kz.

Мәселен, АҚШ-та жыл сайын вандализм әрекетімен ұсталған 200 мыңнан астам адамның ісі сотта қаралады. Жалпы бұл қылмыстың ізін кесу үшін әлем елдерінде қандай шаралар қолданылады?

Сингапурде вандализм ауыр қылмыс түріне жатады. 1966 жылы қабылданған «Вандализм актісіне» сәйкес қоғамдық мүлікті бүлдіріп, ғимараттардың қабырғаларына граффити салатын көше суретшілеріне 2 мың доллар көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ келтірілген залалға қарай 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Тіпті кейде дүре соғылуы да мүмкін. Қазір елде осы қатаң жазаның арқасында вандализм әрекеттері азайған.

Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-та да вандализмге берілетін жаза жеңіл емес. Бұл елде көшелердің көбі суретке боялған. Осыған қарап, америкалықтар бұл жағынан еркін деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, заң жүзінде қалыптасқан қатаң тәртіп бар. Мәселен, қандай да бір ғимарат бүлініп, оған келген шығын көлемі 400 доллардан асатын болcа, 5 мың доллар айыппұл салу көзделген. Ал егер 10 мың доллардан асса, 50 мың доллар төлейді. Сондай-ақ белгілі бір мерзімге түрмеге отырғызылады.

Жапонияда тарихи жәдігерлер, мәдени мұраларды бүлдірген жағдайда бұзақы 5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Саяхатшы қоғамдық орындардағы мүліктерді қирату, граффити салу сынды әрекеттер үшін келтірілген шығынға қарай 20 мың иеннен бастап, 300 мың иенге дейін айыппұл төлейді. 

Қытайда мәдени ғимараттарды бүлдіріп, зиян келтіргендерге жеті түрлі жаза қолданылады. Оның ішінде ең қаталы – жер аудару. Қытайдағы ең танымал туристік орын – Ұлы Қытай қорғанының қабырғаларын жазып-сызып белгі қалдырғандар қара тізімге енгізіліп, барлық туристік орындарға кіруіне тыйым салынады. Тіпті кейін ол азаматтың ел шекарасынан өтуі қиындайды.

Біріккен Араб Әмірліктерінде де вандализм заңмен қатаң жазаланады. Ол зақымдалған нысанның ерекшелігіне, дәрежесіне байланысты болады. Егер турист ғимараттардың қабырғаларын сызса, бірнеше ай түрмеге қамалады. Ал, тарихи мұраларды бүлдірген саяхатшы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Авторы: Фариза Жанғанаева