Бундестаг Олаф Шольцтің үкіметіне сенімсіздік вотумын жариялады

Германия канцлері Олаф Шольц биліктегі орнын сақтап қала алмады.

Бұл туралы Бундестагта өткен дауыс беру нәтижесінде белгілі болды. Өткен айда Шольцтің үш партиялы коалициясы ыдырап, канцлер парламенттегі басымдығынан айырылған еді. Оған Еркін Демократтар партиясының Канцлердің мемлекеттік қарызды ұлғайту шешіміне түбегейлі қарсы болуы себеп болған еді. Дауыс беру алдында Олаф Шольцке де, оппозиция өкілдеріне де пікір білдіруге мүмкіндік берілді. Канцлер Шығыс Еуропада ушығып тұрған геосаяси жағдаймен айналысқанын және Германияның тозған инфрақұрылымына инвестиция тартатынын айтқан еді. Алайда бұл ұсыныстар депутаттардың толықтай көңілінен шықпады.

Бэрбель Бас, Германия Парламентінің Президенті

«Барлығы 717 дауыс беру картасы санақтан өтті. Соның 207-сі Канцлерді жақтап дауыс берсе, 394-і қарсы дауыс берді. Тағы 116-сы қалыс қалды. Канцлер билікте қалуы үшін кем дегенде 367 дауысты жинауы керек еді. Бірақ олай болмағандықтан, нәтижені Федералды Президентке жеткізуге тура келеді».

Заңға сәйкес Германияда мерзімінен бұрын парламент сайлауы өтуі керек. Қазіргі ұсыныстар бойынша ол 23 ақпанға белгіленуі мүмкін. Бүгінде Канцлер орнына Шольцтан бөлек «Христиан Демократтар» партиясынан шыққан Фридрих Мерц пен «Германияға балама» партиясынан шыққан Алис Видель басты үміткер болып отыр.