Әлем елдеріндегі уақыт белдеуі

Ал жер бетінде уақыт белдеуі деген түсінік осыдан 2 ғасыр бұрын пайда болып, әлем елдері 24 сағаттық уақыт өлшеміне көшті.

Бірақ кейін әр мемлекет өз ыңғайына қарай, әкімшілік уақыт белдеуін қолданысқа енгізе бастады. Бүгінде 175 мемлекет бірыңғай cағат белдеуінде.

Жер шары 24 сағат белдеуіне бөлінген. Соның тең жартысын алақандай Франция қолданады. Бірақ француздар табиғи уақытпен жүруге құлықты емес. Себебі уақыт айырмашылығы Еуропа елдерімен экономикалық байланыс орнатуына кедергі келтіреді. Сондықтан сағат тілін Еуроодақтағы серіктестерімен сәйкес етіп, Гринвичтен бір сағат бұрынғы уақытты қолданысқа енгізген. Франциядан бөлек мұндай қадамға барған тағы бірнеше мемлекет бар. 

Қытай

Әртүрлі уақыт белдеулерінде орналасқан тағы бір ел Қытай. Меридиан сызығында 5 уақыт белдеуі бар. 1949 жылға дейін мұнда 5 түрлі уақыт қолданыста болған. ҚХР құрылғаннан кейін коммунистік партия бүкіл елде біртұтас уақыт орнатты. Қазір қытайлар бірыңғай стандартты «Бейжің» уақытымен жүреді. Бұл экономикалық жағынан өте тиімді болғандықтан, олар бір сағаттық белдеуге еніп отыр. 

Норвегия, Финляндия және Ресей шекараларында үш уақыт белдеуі түйісетін шағын ауыл бар. Раякоски деп аталады. Ол әкімшілік басқару жағынан Мурманск облысына қарайды. Елді мекенде бүгінде бірнеше жүз адам ғана өмір сүреді. Егер осы ауылдан Финляндия шекарасын кесіп өтсеңіз, сағат тілін 60 минутқа, ал Норвегияға жол тартсаңыз, 120 минутқа кері жылжытуға тура келеді. 

Пәкістан

Уақыттың қадірін әсіресе Пәкістаннан Қытайға сапарлап барғандар жақсы түсінеді. Себебі шекарадан асқан азаматтар бірден 3 сағат жоғалтады. Ал Ауғанстаннан Қытайдың аумағына бір адым аттағандардың 3 жарым сағат уақыты ізім-ғайым болады. Бұл азаматтарға, әсіресе, саяхатшыларға ыңғайсыздық тудыратыны сөзсіз.