Жаңажылдық шыршаның қоршаған ортаға әсері
Жаңа жыл қарсаңында шырша құрып, безендіру мерекенің басты символы саналады. Қазірде табиғи шыршаны кесу табиғатқа зиян келтіреді деген оймен көбіне үйге жасанды шырша құрамыз.
Алайда зерттеушілер олардың қоршаған ортаға зияны әлдеқайда көп дейді. Үй ішін болсын, көшелердің сәнін келтіріп тұрғасын, шыршаның зиянды тұсына аса мән бермейміз. Десе де эколог мамандар осы мәселеге алаңдаулы.
Жасанды шыршалар көбіне Қытайда өндіріледі. Олар қауіпті материалға жататын поливинихлорид, яғни түссіз пластмассадан жасалады. Ғалымдардың пікіріне сүйенсек өндірушілер оған қорғасын, қалайы және барий фталаттарын қосады. Пайдаланылған өнімді қайта өңдеуге болады. Бірақ одан ауаға шамамен 40 келідей парниктік газ тарайды. Ал егер ол өртенетін болса 10 есе көп зиянды қалдық бөлінеді. Дегенмен кей ғалымдар жасанды шыршалар ормандардың жаппай кесілуіне жол бермейді. Олар қайта өңделетін материалдардан жасалатындықтан табиғи ресурстарға сұранысты азайтады дейді.
Джеймс Макгрегор, Химиялық және биологиялық инженерия кафедрасының аға оқытушысы:
- Жасанды шыршалардың экологияға тигізер зияны мол. Тіпті оларды жасап жатқан сәтте-ақ ауаға зиянды химиялық заттар бөлінеді. Оларды пластика бұйымы ретінде кәдеге жарату кезінде де қоршаған ортаға едәуір зиян келеді.
Жылына 10-12 сантиметрдей өсетін шыршаның 2 метрге дейін өсуі үшін 20 жылдай уақыт керек. Сондықтан бірнеше сағатқа ғана созылатын мереке үшін бір шыршаны кесу тиімсіз саналады деген де пікірлер де бар. Оның үстіне одан қоршаған ортаға да залал айтарлықтай көп. Өйткені оны өңдеу кезінде ауаға зиянды қалдық – метан бөлінеді. Greenpeace мәліметтеріне қарағанда, екі метрлік ағашты арнайы орындарда кесіп жону кезінде 16 келі көмірқышқыл газы тарайды. Статистикаға сүйенсек АҚШ-та жылына 30 миллион табиғи шырша арнайы өсіріледі. Бірақ соған қарамастан, жылына 10 миллион жасанды шырша сатылады. Ал сарапшылар болса табиғи да жасанды да шыршанының сатып алмай олардың орнына өзге балама жолдарды қарастыруға кеңес береді.
Джеймс Макгрегор, Химиялық және биологиялық инженерия кафедрасының аға оқытушысы:
- Шырша ағашын екі түрлі жолмен жасап, алмастыруға болады. Мысалы, оларды қораптар мен тоқымадан дайындауға болады. Бұл экологиялық тұрғыдан таза саналады. Жалпы жасанды шыршаны пайдаланудың ең тиімді жолы – оны 20 жылдай қоқысқа лақтырмай тұтыну.
Шырша құру бәрімізге таныс үрдіс. Дегенмен желтоқсан келесімен шыршадан бөлек жасалатын ырымдар, ғұрыптар өте көп. Мәселен Грекияда ай бастала салысымен көпшілік үйдегі есіктерге пияз іледі. Көкөнөстің бұл түрі гректер үшін жанданудың белгісі саналады. Яғни оның әр қабаты өсумен пара-пар деген ұғым қалыптасқан. Сондай-ақ күнтізбе ауысатын сәтте ата-аналар балаларын әдейі оятып, олардың басын пиязбен ақырындап ұрады. Бұл біздің адыраспанмен аластауға сәл ұқсас.
Жаңа жылдың символы Ирландия жұрты үшін, шырша емес – омела гүлі. Жергілікті халық, махаббат гүлі деп атап кеткен. Бұл гүлді 31 желтоқсан күні бойдақтар жастығына жастап жатады. Яғни өз адамын келер жылы кезіктеремін деген тілектен туған.
Біз төл жаңа жылымыз Наурызда жеті түрлі дәм жесек, Филиппинде 12 түрлі дөңгелек жеміс-жидек жеу үрдісі бар. Бірден емес, біртіндеп жейді. Яғни келген жылдың 12 айында бір-бір жемістен жеп ниет етеді, тілек тілейді.
Ал Испаниялықтар күнтізбе келер жылға ауысар сәттегі уақытта сағат тілімен қатар ілесіп, жүзімнің 12 түйірін үзіп жейді. Кімде кім үлгермесе келер жылы сәтсіздік болады деп болжайды.
Ал саяхатқа жаны құмар Колумбия жұрты мереке күні көшеге бос чемодандармен шығып, бірнеше рет айналып жүреді. Бұл келер жыл саяхатқа толы болсын деген тілектен туған. Қазақ: «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа», - дейді. Мен айтып кеткен мысалдарға қарап, бұл ұғымды салты басқа өзге елдер де қостайтынын байқауға болады.