Әлемде әр 10 минут сайын бір әйел тұрмыстық зомбылықтан көз жұмады

Әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кемі бір рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Яғни, жер шарындағы 736 миллион қыз-келіншек өзінің ері немесе серігі тарапынан зәбір көреді.

Әлем елдерінде әйелдің ар-намысына тиіп, қиянат жасау жағдайлары кейінгі жылдары тым артқан. Әсіресе өмір сүру деңгейі төмен қара құрлық пен арал елдерде. Қолда бар мәлімет бойынша әйелдерге қоқан-лоқы көрсету бойынша Кирибати, Фиджи, Папуа-Жаңа Гвинея секілді мемлекеттер көш бастап тұр. Бұл елдерде 15 пен 49 жас аралығындағы қыз-келіншектердің жартысынан астамы серігінен физикалық не жыныстық тұрғыда зәбір көреді.

АҚШ-та жыл сайын 10 млн адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа шегеді. Жәбір көргендер «жедел желіге» хабарласа алады. Оларға ары қарай әрекет ету бойынша тегін кеңес беріледі. Қоғамдық ұйымдар түрлі бағдарламалар ұйымдастырады. Соларға сәйкес жапа шеккендер 1-2 ай тегін баспанамен қамтылады. Көлік шығындарын да осы ұйымдар өз мойнына алады. Баланы жақын маңдағы балабақшаға орналастыру бойынша да көмек көрсетеді. Мемлекет те 1994 жылғы «Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық акті» негізінде ондай адамдарға жәрдемдеседі. Атауына қарамастан бұл құжат ер адамдарды да қорғауға бағытталған. Әр штатта тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаза әртүрлі. Ең жеңілі, жәбір көрсетуші бір жылға дейін «қайта тәрбиелеу» курсынан өтуге міндеттеледі. Ал егер отбасында қару қолдану не кісі өлтіру секілді ауыр жағдай тіркелсе, онда кінәлі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан Швеция экономикасы жыл сайын €4 млрд жоғалтады. Әйелдер үшін қауіпсіз мемлекеттердің үздік үштігіне кіретін Швецияда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларына көп көңіл бөлінеді. Мысалы, мектепте деструктивті гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы бағдарламалар енгізілген. Адамдарды ашуын басқару бойынша психологиялық терапиядан өтуге мәжбүрлейді. Соның өзіне қарамастан отбасында ондай жағдайға жол берілсе, қол көтергені үшін күйеуі 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сосын Швецияда бұл экономика үшін де тиімсіз. Өйткені жәбір көрген нәзік жандарға тек әлеуметтік және медициналық көмек көрсетуден бөлек, мемлекет жұмыста болмауына байланысты шығындарды да өтеуге міндетті. Соның салдарынан ел экономикасы жыл сайын 4 млрд еуро жоғалтады.

Көрші елдердегі жағдайға келетін болсақ, Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық күрделі әлеуметтік мәселенің біріне айналған. Өйткені халық өз құқықтары мен қорғану тетіктері туралы дұрыс білмейді. Сосын бұрыннан қалып қойған түсініктер тағы бар. Бірақ кейінгі жылдары билік мұнымен күресті күшейтіп отыр. Мысалы, былтыр заңға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдату туралы түзетулер енгізілген. Сол бойынша былтыр 9 мыңнан аса адам әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Көбі айыппұл төлеумен құтылған. Биылдың өзінде алғашқы тоқсанда 4 мыңнан аса адам жауапқа тартылған. Сонда күн сайын көрші елде бұл қылмыс бойынша 45 адам қамауға алынады деген сөз. Ал биыл көктемде Өзбекстан президенті әйелдер мен балалардың құқықтары мен бостандығы туралы жаңа заңға қол қойды. Оған сәйкес ең қатаң жаза 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

БҰҰ-ның мәліметі бойынша орта есеппен әр 10 минут сайын 1 әйел өз отбасы мүшесінің қолынан опат болады. Яғни, күн сайын орта есеппен 140 қыз-келіншек көз жұмады. Сарапшылар мұны зорлық-зомбылық фактілерінің құзырлы органға дер кезінде айтылмауымен байланыстырады. БҰҰ дерегі бойынша былтыр қасақана кісі қолынан 51 мыңнан аса адам қайтыс болған.