Түркияда жаңа жыл қалай тойланады?
Әлем елдері жаңа жылды қарсы алуға қызу дайындалып жатыр дедік. Түркияда 31 желтоқсан жұмыс күні.
Ал демалыс тек 1 қаңтар. Елде жаңа жылдың нышаны ретінде шырша орнатады.
Бірақ Аяз ата, Ақшақар атымен жоқ. Біздегі секілді ұжыммен жаңа жыл жиындар ұйымдастырылмайды. Дегенмен басқа мұсылман елдері секілді мерекені тойлауға тыйым салынбаған.
Бұрын отбасылар бір дастархан басында бас қосып, дәмді тамақ ішіп, лотереяның нәтижесін асыға күтетін. Каштан пісіріп, бинго жарыстырып, ойын- сауық бағдарламаларын көретін. Соңғы жылдары дәстүр өзгерді. Қалталылар қонақ үй, мейрамханалар немесе қоғамдық орындарда әртүрлі әртістердің сүйемелдеуімен концерттерді тамашалайды.
Ирес Гедик, жергілікті тұрғын:
- Түркияда жаңа жыл мәдениеті батыстағы секілді емес. Діни дәстүрін мүлдем қабылдамаймыз. Жаңа жылды отбасы, жақындарымызбен бірге бас қосуымыздың себебі ретінде көреміз. Жаңа жылдың береке алып келуін тілейміз. Сыртта жақсы концерт болса соған барамыз.
Десе де туристерге арналған Жаңа жыл кештері бөлек. Сан алуан бағдарламалар әзірленеді. Әсіресе Ыстамбұл, Анталия мен Анкара сияқты қалалардағы орындар арнайы кеш ұйымдастырады. Жұрт жаңа жылды қуана қарсы алады. Ал жергілікті халықта әлі күнге де «тойлаймыз ба, жоқ па» деген талас-тартыстар тынбай келеді. Халықтың көпшілігі діндар екенін ескерсек, мұндай пікірталастардың болуы да заңды.
Өмер Низаметтин Айкурт, жергілікті тұрғын:
- Түркиядағы халықтың көпшілігі консервативті көзқараста болғандықтан Жаңа жыл Ораза айт секілді тойланбайды. Жұртың көбі отбасымен немесе жақын достарымен бірге атап өтеді. Қалған бөлігі ойын-сауық орталықтарында тойлайды. ⠀
Тағы бір қызық дерек, біз білетін Санта-Клаустың бейіті қалың қардың жатқан жерінде емес, керісінше жып жылы Анталияда болуы мүмкін. Ғалымдар Әулие Николастың жерленген орнын анықтау барысында Саркофагқа қол жеткізген. Әулие Николас IV ғасырда өмір сүрген. Ол Ликиядағы Мира қаласының архиепископы болған және христиандықтың ең белгілі әулиелерінің бірі. Оны балалардың қорғаушысы ретінде құрметтеп, Санта-Клаус бейнесімен байланыстырған. Түріктер оны Noel Baba деп атайды. Ғалымдар жуырда нақты дәйекпен санамызда Санта- Клаустың жерленген жерін астан- кестен шығаратын ақпаратпен бөлісеміз деп отыр. Қазірдің өзінде бұл жаңалық әлемдік БАҚ-тың басты беттерінде жарияланып үлгерді.