Түркия Сирияның мемлекеттік құрылымдарын қалпына келтіруге көмектеседі

Түркия Сирияға мемлекеттік құрылымдарын қалпына келтіруге көмектеседі. Бұл туралы түрік елінің Сыртқы істер министрі Хакан Фидан Дамаскіде Сирияның жаңа әкімшілігінің басшысымен кездесуде мәлімдеді.

Түрік дипломатының айтуынша, араб мемлекетінде қайта тұрақтылық орнатуға, лаңкестік қаупін жоюға, Күрдістан жұмысшы партиясы сияқты радикал күштерді құртуға экономиканы көтеруге және жер тұтастығын сақтауға болады. Сирияда әртүрлі діни және этникалық топтардан тұратын әкімшілік құрылуға тиіс. Ресми Анкара осы тұрғыдан да қол ұшын созуға уәде беріп отыр.

Хакан Фидан, Түркия Сыртқы істер министрі

- Сирия еңсесін тіктеуге тиіс. Түркия мемлекеттік институттарды қайта құру, біздің мемлекеттік құрылымдар және жеке компаниялардың қолдауымен Сирия әлеуетін күшейту тәжірибесін бөлісуге дайын. Сирияға салынған санкцияларды алып тастау елдегі жағдай мен қауіпсіздікті жақсартуға мүмкіндік бермек. Осы мәселеде халықаралық қауымдастықтың қолдауы маңызды.