Ауасы ең лас қалалардың көбі Азияда орналасқан

Ауасы ең лас қалалардың көбі Азияда орналасқан

Әсіресе Оңтүстік Азияда, оның ішінде Үндістандағы ахуал қиын.

Елдің 83 шаһарының экологиялық жағдайы көңіл көншітпей отыр. Ал Еуропа бойынша ең лас қаланың бірі Босния және Герцеговина астанасы Сараево саналады. 

Нью-Дели әлемде ауасы ең ластанған қалалардың тізімінен түспейді. Үндістан астанасында көлік көп. Көмірді жағу арқылы жұмыс істейтін кәсіпорындар жетерлік. Шаһардың экологиялық ахуалының нашарлауының тағы бір маңызды себебі - ауыл шаруашылығы. Егіс маусымы аяқталғанда, қалаға жақын өңірлердегі фермерлер масақ өртейді. Бұған рұқсат етілмеген. Бірақ шаруалар көп жағдайда талапқа бағынбай жатады. Жағдай әсіресе қыста қиындайды. Өткен аптада көліктің қозғалысына қатысты шектеу енгізілді. Компаниялардың біразы қашықтан жұмыс істеген. Лас ауа тек Нью-Дели ғана емес, Үндістанның өзге қалалары үшін де өзекті мәселе. Дерекке сүйенсек, одан күн сайын елде жасы әлі 5-ке толмаған 464 бүлдіршін көз жұмады екен.    

Қырғызстан, Бішкек

Орталық Азия бойынша ауасы нашар қалалардың бірі Бішкек саналады. Өйткені көмір жағатын үйлер мен кәсіпорындар көп. Қыста жағдай ушыға түседі. Билік газдандыру арқылы мәселені шешуге тырысуда. Алайда тіпті газ жүргізілген аудандардың өзінде тұрғындардың жартысы әлі күнге көмір жағады. Нашар экология жұрттың денсаулығына кері әсер етуде. 2010-2019-жылдар аралығында кісі өлімінің 12-13 пайызы осы лас ауаның салдарынан болған. 2015-жылы көрші елдің жалпы ішкі өнімінің 6 проценті нашар экологиядан тауындайтын ауруларды емдеуге кеткен екен. 

Босния және Герцеговина, Сараево

Еуропада ауаның ластануы Балқан елдерінде жиі кездеседі. Әсіресе Босния және Герцеговинадағы ахуал алаңдатарлық. Ел астанасы Сараева барлық дерлік кәсіпорын экологиялық нормаға сәйкес келмейді. Өйткені көбінің тозығы жеткен. Сосын мемлекет таулы аймақта орналасқандықтан жел соқпай, ауа алмаспайды. Бұл да қаланы көк түтін тұмшалауының бір себебі. Ол аздай мұнда көліктен бөлінетін зиянды заттарға қатысты бақылау да жоқ.