Жапонияға саяхаттау арзандады

Жаңа жыл – саяхат маусымы. Мереке жақындаған сайын әлемде туристер саны да күрт артады. Бір ғана Американың өзінде демалыс қарсаңында 119 млн-ға жуық адам өзге аймақтарға сапарлайды.

Олар бұл күні Вьетнам, Таиланд, Тайваньның жаңа жылын көруге асығады. Ал еуропалықтар мерекеде мұхит жағасында күнге қыздырынуды құп көреді. Азия мен Таяу Шығыс туристері сақырлаған сары аязды сезіну үшін Ресейде демалуды жөн санайды екен. Осы сәтті тиімді пайдаланған біраз ел саяхатшылар үшін таңғажайып мүмкіндіктер ұсынады.

Вьетнам тұмса табиғатымен мақтанады 

Туристер үшін демалысқа қолайлы аймақ – Вьетнам. Үнді-Қытай түбегіндегі тропикалық жұмаққа биыл да саяхатшылар ағылып жатыр. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында олардың қатары еселеп артады. Agoda халықаралық онлайн қонақ үй брондау ұйымының мәліметіне қарағанда, биыл бұл елде жатын орынға тапсырыс берушілер қатары 30 пайыз өскен. Әсіресе Оңтүстік Корея, Жапония, Таиланд, Тайвань, тіпті АҚШ-тан арнайы саяхаттап келушілер қарасы қалың. Олардың таңдауы Хошимин шаһарына түскен. Мұнан соң романтикалық Далат тауы мен Вунгтау және Нячанг жағажайы үздік демалыс аймағы ретінде сұраныстан түспей тұр. Жыл басынан таңғажайып өлкеге шамамен 16 млн турист саяхаттап барған. Бұл былтырмен салыстырғанда 41 пайыз артық.

Лам Ву, Вьетнамдағы Аgoda ұйымының директоры:

- Жаңа жылды атап өту бойынша Вьетнам туристер арасында үлкен танымалдылыққа ие. Бұл елдің тартымды мәдениеті, елітіп әкететін энергиясы мен табиғи сұлулығының ерекше үйлесімділігіне байланысты.

Таиланд туристер үшін қосымша әуе рейсін ашты  

Туристер арасында сұранысқа ие Азиядағы тағы бір ел – Таиланд. Жаңа жыл қарсаңында аймаққа саяхаттап барушылар көбейеді. Есесіне тай билігі мереке күндері туризмнен мемлекет тайқазанына 62 млрд бат, біздіңше 1 трлн теңге табыс түсіруді көздеп отыр. Бұл өткен жылға қарағанда 23% көп. Саяхатшылардың елді емін-еркін кезуі үшін жан-жақты мүмкіндік қарастырған. 93 елге визасыз режим енгізіп, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайвань, Үндістан, Скандинавия мен Франция сияқты бірнеше мемлекеттің тұрғындары үшін қосымша әуе рейстерін ашты. Әуе билеттеріне 30% жеңілдік ұсынған. 

Тапани Киатфайбул, Таиланд туризм басқармасының басшысы:

- Жаңа жыл қарсаңында туристік сектордың қарқынды дамуы үздіксіз жұмыстың нәтижесі. Одан түсетін табыс көлемі Таиландтың тартымдылығы мен туристік бағыт бойынша үлкен танымалдылыққа ие екенін аңғартады.

Жапонияға саяхаттау арзандады   

Жапонияның келген жанды баурап алатын байырғы дәстүрі мен тұмса табиғаты биыл да елдің туристік секторын тартымды ете түсті. Күншығыс елі кейінгі 11 айда 33 млн турист қабылдап, рекорд орнатты. Саяхатшылардың күрт ағынын сарапшылар жапон иенінің құлдырауымен байланыстырады. Бұл олардың елді еркін кезуін қолжетімді ете түсті. Сондай-ақ қызмет түрлерін арзандатып, сауда жасауды жеңілдетті. Статистикаға сүйенсек, Солтүстік Америка, Еуропа мен Азия жұрты Жапонияға жиі ат басын бұрады. Олардың қатары былтырға қарағанда 30%-ға артқан.

Мәскеу қысы: экстрим мен шытырман   

Қыстыгүні аяз бен суықтан қажыған жұрт жаңа жылда жылы жаққа қарай демалысқа аттанса, араб елдері мен Таяу Шығыстағы меймандар Мәскеуге саяхаттауды жөн көреді. Сарапшылар мұзды шаһардың туристер арасында танымал болуын әуе рейстерінің қолжетімділігімен байланыстырып отыр. Сонымен қатар Санкт-Петербург те қысқы сапар үшін қолайлы болып тұр. Өйткені келушілер қыстың көркі аппақ қарда сейіл құрып, хаскимен серуендегенді, экстрим мен шытырманды көзбен көріп, мұз үстінде сырғанауды құп көреді. Мұнымен қоса, ресейлік туризм секторы келушілерге орман ішінде танкімен жүру, мұз үстінде круиз ұйымдастыру сияқты демалыстың түр-түрін ұсынып отыр. Әсіресе бұл мезгілде Кувейт, Сауд Арабиясы, Бахрейн, Оман, Иран, Үндістан, Германия тұрғындары Ресейге жиі саяхаттап келеді.

Америка мерекеде кептелістен көз ашпауы мүмкін  

Нью-Йорк жаңа жылда туристерді қабылдауға сақадай сай. Қарбаласқа толы кезеңде Америкада қалааралық саяхаттан бөлек, шекара асып, ел кезетіндер көбейеді. Сырттан келуші меймандар да еселеп артады. Жергілікті автомобиль қауымдастығының мәліметіне қарағанда, шамамен 119 млн адам жаңа жылда саяхаттайды. «Бұл ел ішінде кептеліс болып әуе, көлік қозғалысының кейінге шегерілуіне әкелуі мүмкін», - дейді билік өкілдері. 

Саяхатшылар үшін қолжетімді аймақ - Сербия    

Ал кәрі құрлықта Сербияға саяхаттау қалтаға салмақ салмайды. Жиһаз, төсек орнымен жабдықталған пәтерге бір тәулік түнеу бар болғаны 17 еуро, біздіңше 9 мың теңге. Ал шаһарды аралап, мәдени орындарға саяхаттау қаражат қажет етпейді. Біраз тарихи-мәдени орындар меймандарды ақысыз қабылдайды. Белград пен Скадарлия саяхатшылар үшін қолайлы әрі қолжетімді.

Ал қазақстандық туристер қысқы маусымда Бурабай мен Шымбұлақтың самал ауасымен тыныстап, шаңғы-шанамен серуендегенді жақсы көреді. Қалталылар Стамбұл, Дубай, Таиланд, Вьетнам сияқты климаты жылы аймақтарға жиі саяхаттайды.