Өзбекстандық туркомпаниялар мерекелік жеңілдік жасауға көшті

Әлемнің біраз еліне сапарладық. Енді көршілеріміз не істеп жатыр екен? Биыл Өзбекстанға 1,3 млн қазақстандық саяхаттап барған.

Бұл өткен 11 айдағы көрсеткіш. Жалпы осы уақыт аралығында көрші елдің көрікті жерлерін көріп, демалып қайтқан шетелдік меймандар саны 7 млн 300 мыңға жуықтаған.

Желтоқсан айында олардың қатары тағы ұлғаюы мүмкін. Себебі бауырлас ел, жыл аяғында да танымал туристік бағытқа айналып отыр. Бұл үрдіс жергілікті бизнеске қосымша мүмкіндік ұсынып қана қоймай, қызмет сапасын жақсартуға септігін тигізген.

Бұл күндері Ташкент көшелері ақ ұлпаға оранған. Қыстың қызығын жаңа жылдық қарбалас пен мерекелік безендіру айшықтай түскен. Сан алуан жарықшаммен көмкерілген ежелгі өркениет мұралары тағы бар. Негізінен Өзбекстан белсенді демалыс түрлерімен танымал. Келушілердің бір парасы тау-шаңғы курорттық аймақтарына саяхаттаса, ендігі легі экологиялық және гастрономиялық бағытты ұстанады.

Адай Түзелбей, қазақстандық саяхатшы:

- 2024 жылдың соңғы аптасын Ташкентте өткізу үшін келдік. Қаланың әдемі жерлерін көргіміз келді. Бүгін бірінші күніміз. Қарбалас тіршілік. Драйв қалада. 

Өткен 11 айда көршіміз 7 млн 300 мың шетелдік саяхатшыны қабылдады. Басым бөлігі - Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан азаматтары. Мұндай жағдай жергілікті тур компаниялары мен сауда орындарын қуантпай қоймайды. Себебі саяхатшыларға қызмет көрсететін мекемелер ел экономикасына біршама табыс түсіріп отыр. Мереке қарсаңында барлық жерде қарбалас, сауда қызған. Кәдесый сататын дүкендерге келушілер қарасы көп.

Фатхулла Таджиев, сауда дүкенінің иесі:

- Бізде туристер әдетте көп. Осы күндері олардың қарасы тіпті көбейеді. Бұл қалыпты жағдай. Жаңажылдық тауарларды арнайы сөреге қойып, жеңілдік жасауға кірістік.

Онлайн дүкен иелері де қыруар пайдаға кенеліп жатыр. Ұлттық және қолөнер бұйымдарын тұтынушыға түрлі жолмен жеткізіп береді. Оның үстіне қазір елде цифрлық сауда платформалары көбейді. Кейбірі саяхатшыларға мерекелік жеңілдік жасауға көшкен. Осылайша көршіміз алыс-жақын елдерге жыл бойы кісі аяғы арылмайтын туристік бағыт ретінде таныла бастады.