Ресейде қазақ тілі мұғалімдеріне сұраныс артты

Ресейде қазақ тілі мұғаліміне сұраныс артып келеді.

Мәскеудегі мамандар жалдау қызметінің мәліметі бойынша, өткен жылы қазақ тілінен сабақ беретін оқытушыға деген сұраныс 96%-ға өскен.  Ал университеттерде екінші шет тілі ретінде қазақ тілін таңдайтын студенттер қарасы көбейген.

Арина Бобкова – Мәскеу лингвистикалық университетінің оқытушысы. Алты жыл бұрын ол қазақ тілін екінші шет тілі ретінде оқи бастады. Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қызыққан Арина Ресейде қазақ тілін насихаттауды шешеді. Қазір ол  Қазақ тілі мен мәдениеті орталығында бакалаврлар мен магистрлерге сабақ береді. Ал оның оқушылары қазақ тілін меңгеру жаңа кәсіби мүмкіндіктерге жол ашатынына сенімді.

Арина Бобкова, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің оқытушысы:

- Бұған дейін мен алты жыл бойы Қазақ тілі мен мәдениеті орталығында оқыдым. Ал қазір мен басқа студенттермен осы біліммен бөлісіп жатырмын.  Бұл жұмыс өте қызықты.  Бұл сабақтар өте құнды, себебі жеке форматта өтеді.

Камила Валиева, Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің магистранты:

- Мен Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің магистратурасында оқимын. Қазақ тілімен алғаш рет таныса отырып,  оқу оңай емес, бірақ өте қызықты болатынын түсіндім. Сондықтан мен магистратураға баруды шештім. Қазір мен топта жалғыз оқимын, бірақ оған қуаныштымын. Оқу нәтижелі болады.

Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университеті ТМД елдерінің тілдерін оқытатын негізгі жоғары оқу орыны. Мұнда Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы бар. Бұл жерде студенттер қазақ тілін үйрену курстарында оқып, кәсіби қайта даярлаудан өте алады. Орталықта тілді меңгеру деңгейі бағаланып, сетификат беріледі.   

Женишкуль Хулхачиева, ММЛУ кафедра меңгерушісі:

- Олар қазақ тілінің практикалық курсын, сөйлеу тәжірибесін, зерттейтін өңірдің тарихы мен мәдениетін, әдебиет тарихын оқиды. 25 жыл ішінде қазақ тілін білетін көп маман дайындап шығардық.

Сарапшылар ресейлік нарыққа қазақ мәдениетінің ерекшеліктерін түсінетін, бизнес-серіктестермен қазақ тілінде келіссөз жүргізе алатын мамандар қажет дейді. Мәскеуде қазақ тілі мамандарын бірнеше мемлекеттік университетте кәсіби негізде дайындайды. Ал еңбек нарығында мамандарды іздеумен айналысатын ең ірі ресейлік сервистің бірінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы елде қазақ тілі мұғалімдеріне сұраныс 96 пайызға артқан.