Әлемнің үшінші экономикасының дамуы баяулады
«Бундесбанк» Германия экономикасының дамуы алдағы екі жылда баяулайды деп мәлімдеді. Оған қазіргі статистикалық көрсеткіштердің жаздағы болжамнан әлдеқайда төмен болып шығуы себеп.
Федералды банк президенті Йоахим Нагель өз есебінде құрылымдық қиындықтар қордаланып бара жатқанын айтып, реформалар жасауға шақырды. Әлемнің үшінші экономикасының бәсеңдеуіне не себеп?
Бұл – көлік индустриясының алпауыты Фольксваген жұмысшыларының осы айдағы ереуілі. Жұрт қаржылық қиындықтарға тап болған компанияның мыңдаған жұмыс орнын қысқартып, зауыттарды жабуына наразы. Осы секілді дағдарыс Германияның өзге де жетекші салаларында болып жатыр.
Бундесбанк мәліметінше, биылғы маусымдағы есеп 2024 жылғы экономикалық өсімді 0,3% деп болжаса, жыл аяғында бұл көрсеткіш -0,2%-ке түскен. 2025 жылы 1,1%-ке дамиды деген көрсеткіш қазір тіптен аз болса, 2026 жылғы даму 1%-ке де жетпеуі мүмкін. Экономиканың бәсеңдеуі мен болжамдардың нашарлауына келесі факторлар себеп болып отыр.
Урс Ункауф, Германияның Экономикалық дамуы және халықаралық сауда федералды қауымдастығының атқарушы директоры:
- Германияда энергия көзі тым қымбат. Экономикасы көлік және күрделі технологиялар индустриясына негізделген ел ретінде бұл мәселе едәуір салмақ салып жатыр. Одан соң қағазбастылық көп. Ол шикізатты өңдеуден бастап нарыққа жеткізуге дейінгі уақытты ұзартып, компанияларға шығын келтіріп отыр. Маман тапшылығы да артып барады. Мұның бәрі елдегі кәсіпкерлік әлеуетті әлсіретеді. Бұл олқылықтарды жою керек. Себебі қазіргі Германияның экономикалық жетістіктері 2000 жылдардағы үкіметтің сәтті реформаларының жемісі. Бірақ заман өзгерген сайын ол реформалар да ескіреді.
Әңгіме Ангела Меркельге дейінгі канцлер Герхард Шрөдердің «Агенда 2010» саясаты жайында. Сарапшылардың сөзінше аталған реформалар ел экономикасына оң әсерін тигізген. Қазір халық осыған ұқсас тың серпілістің болғанын қалайды. Алдағы Парламент сайлауындағы басты мәселе де осы болғалы тұр.
Дер кезінде тиімді шешім табылмаса кері әсердің тағы бір толқыны Дональд Трамптың әкімшілігімен келуі мүмкін. 2025 жылы билікке оралатын саясаткер.
Еуроодақ пен Германияға тариф салуды көздеп отыр. Бұған қамданған кәрі құрлықтағылар сауданың баламалы жолдарын іздеп әлек. Тіпті талай жылдан бері қабылданбай тұрған Меркосур келісімі Латын Америкасына тың жол ашып берді. «Дәл осындай тиімді бағыт Қазақстанмен де байланысты арттыруы бек мүмкін», - дейді сарапшы.
Урс Ункауф, Германияның Экономикалық дамуы және халықаралық сауда федералды қауымдастығының атқарушы директоры:
- Соңғы уақытта неміс кәсіпкерлері «Транскаспий дәлізіне» зор қызығушылық танытып, Қазақстанмен қатынасты арттыруға күш салып жатыр. Экономикалық қиындықтар өршіп бара жатқан сәтте баламалы бағыттарды іздеу Германия үшін заман талабына айналды. Сондықтан қазір мемлекет деңгейіндегі байланыстардан бөлек, федералды өңірлер мен қалалардың Қазақстанмен серіктестік орнатуы белсенді жүріп жатыр.
Демографиялық мәселелер, білікті мамандар тапшылығы мен миграция да әлемнің үшінші экономикасына кері әсер етіп, төмендетуі мүмкін. Әрі Германия көзіріне айналған көліктер мен химиялық өнімдерді өзге елдер де арзан бағада шығарып отырған заманда тың ұсыныстар мен сенімді серіктестер Алмания үшін аса қажет болып отыр.