Қазақстан мен Өзбекстанның тауар айналымы 3,8 млрд доллардан асты

Биылғы 11 айда Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды. Қаңтар-қараша аралығында бауырлас елдер 3,8 млрд долларға сауда жасасқан.

Бұл жөнінде Өзбекстан статистика агенттігі хабарлады. Көрші елдің сыртқы сауда айналымы 59,4 млрд долларға жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 3,6%-ға өскен. Қытай, Ресей және Қазақстан ресми Ташкент үшін сауда-саттық тұрғысынан үш негізгі серіктес атанып отыр. Бұл ретте Өзбекстан Қазақстанға 1,3 млрд доллардың тауарын экспорттап, 2,5 млрд доллардан астам сомаға тауар импорттаған. Екіжақты сауда айналымының басым бөлігін – астық, жеміс-жидек, көкөніс және табиғи ресурстар құрайды.

 

Мухсинжон Холмухаммедов, Өзбекстан Олий Мәжіліс заң шығару палатасының депутаты:

- Кейінгі жылдары қазақ пен өзбектің өзара сауда айналымы 4 млрд доллардан кем болмай келеді. Қазақстандық инвестиция арқылы іске қосылған бизнес құрылымдар мен бірлескен кәсіпорындар саны 1000-нан асты. Қазақстан Өзбекстанның сыртқы сауда серіктестірінің ішінде үшінші орынға шықты. Біздің елдеріміздің бір-біріне жақындығы мен көлік-коммуникация саласында көптеген істі бірлесіп қолға алуымыз стратегиялық мақсат-міндеттерге жылдам қол жеткізуге септігін тигізіп жатыр.