Жылан шаққанға қарсы дәрі қолданысқа беріледі
Бірер күннен соң жаңа 2025 жыл енеді. Төрлеткелі тұрған жыл жылан жайлы не білеміз? Сұрқы дене тітіренткен суық болғанымен одан қорқып қажеті жоқ.
Әлемнің біраз елі жыланды қолда ұстап, әрі беріден оның етін деликатес өнім санайды. Әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африкада бұл ас мәзірінің басты тағамы. Тіпті австралиялық ғалымдардың кейінгі зерттеуі жылан еті ағзаға оң әсері барын анықтады.
Ал діни-наным сенімге берік Үндістанда жыланды қасиетті жәндік санайды. Оны өлтірмейді, тұтынбайды, етін жеу күнә. Сөйтіп жылан туралы біз басқа не білеміз?
Ғалымдар у қайтарғыш препарат әзірлеп жатыр
Тақауда Австралия, Канада, Коста-Рика және Британ ғалымдары Танзанияның қызғылт түсті алып кобрасының уынан жылан шаққанға қарсы дәрілік препарат әзірледі. The Hindu басылымы осылай деп хабарлайды. Әдетте кобраның уы адам жасушасына кері әсер етіп, жүйке жүйесін зақымдайды. Мұның соңы өлімге әкеледі. Ал дәл сол удың қоспасынан әзірленген препарат керісінше, жасушаның зақымдануын айтарлықтай төмендетеді. Тәжірибеде уланған тышқанның тері зақымдануы азайған. Африка мен Азияның тропикалық аймақтарында жыл сайын шамамен 1,4 млн адам жылан шағып қайтыс болады.
Жылан шаққанға қарсы дәрі қолданысқа беріледі
Кения ғалымдары да алғаш рет жылан уына қарсы препарат әзірлеп жатыр. Жыл сайын жылан шағуынан мұнда 4 мың адам көз жұмып, тағы 20 мыңға жуық кісі зардап шегеді екен. «Жергілікті ғалымдардың бұл талпынысы улы қосмекенділердің шағуынан болатын өлім-жітімді азайтып, тиімді емдеу әдісін қалыптастыруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Джордж Омонди, Кения жылан шағуға қарсы күрес орталығының директоры:
- Біз жылан шағуға қарсы терапияның соңғы әдісін іздестірудеміз. Қолданыстағы у қайтарғыш дәрілерден еш нәтиже болмай тұр. Мұның салдары түрлі ауруларға әкеп соғуда. Сол себепті жылан шаққан науқастарды емдеудің жаңа әдісін зерттеп, оны жүзеге асыру үшін Үкіметтен қомақты қаражат бөлінді. Біз әзірлейтін антидот зардап шеккен жандардың еміне шипа болады деп үміттенеміз.
Ғалымдар: питон еті ағзаға пайдалы
Әдетте көзге оғаш әрі қорқынышты көрінетін жыланды жеу былай тұрсын, оны ұстауға тіксінеміз. Ал Австралияда Маккуори университетінің ғалымдары питонға тәжірибе жасап, еті адам ағзасына пайдалы екенін анықтады. Олар бұл зерттеуді Scientific Reports журналында жариялады. Мамандардың айтуынша питон етінің құрамы организмге қажетті ақуыз бен пайдалы майға өте бай. Мұнан бөлек оның күтімі көп ресурсты қажет етпейді. Өйткені бұл бауырымен жорғалаушылар айлап, жылдап сусыз, ішпей-жемей өмір сүре алады. Сол себепті мамандар жыланды ауыл шаруашылығында да кәдеге жаратуға болатынын айтады.
Дэниел Натуш, Халықаралық табиғатты қорғау ұйымы жыландарды зерттеу тобының жетекшісі:
- Біз сиыр етін тұтынуды тоқтатып, рационға біржолата питон етін қосуды үгіттемейміз. Бірақ оны агросекторда қолданып, пайдаға жаратуға болатынын дәлелдегіміз келді. Питон жыланы сусыз айлап, қорексіз жылдап өмір сүре алады. Терісінің үстіндегі судың есебінен ұзақ уақыт тіршілік етуге қауқары жетеді.
Жылан етін сүйіп жейтін елдер
Австралиялық ғалымдар жылан етін тұтынудың пайдасы жайлы бекер зерттеу жүргізбепті. Өйткені жәндіктің еті бұл халықтың дастарханындағы экзотикалық тағам. Оның өнімі Таиланд, Вьетнам, Камбоджа сияқты Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде де деликатес дәм. Бұл елдердің асханасынан жылан етін кезіктірмеу мүмкін емес. Оны әсіресе мейрамханалар мен көшеде жиі ұсынады. Жергілікті халық жылан сорпасы, қуырылған жылан еті, тіпті жылан шарабын әзірлейді. Жыланның уынан дайындалған шарап иммунитетті нығайтып, ер адамның репродуктивті саулығын жақсартады деп сенеді. Қытай халқы үшін де жылан еті – жанға дауа. Ол әсіресе дәстүрлі медицинада жиі қолданылады. Ал африкалықтар тұздалған, кептірілген жылан етін қалауына қарай тұтынады. АҚШ-тағы оңтүстік штат тұрғындары да жылан етіне әуес. Оны қуырып, түрлі тағамдарда жиі қолданады.
Жылан етін тұтынатын елдер:
Оңтүстік-Шығыс Азия: Вьетнам, Таиланд, Камбоджа, Қытай
Қытай
АҚШ
Австралия
Африка
Экзотикалық кәсіптің көзін тапқан
Көзін тапқанға кәсіп көп. Иракта бірнеше жылдан бері жылан ұстайтын отбасы жануардың терісінен сығып алынған майды кәдеге жаратып отыр. Айтуынша оны шаш күтіміне қолдануға болады. Жылан терісінің майы шашты дұрыс өсіріп, оны нығайтуға көмектеседі. Кәсіпті отбасы заңды түрде, жануарға еш зақым келтірместен жүргізіп отыр.
Абдуррахман Нуширеван, жергілікті тұрғын:
- Жыландардың көздері ағарған кезде олардың терісі түлейтін уақыт келгенін түсінеміз. Ал бұл жұмысты біз еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мекемесінің рұқсатымен жүргізіп отырмыз.
Америкалық коллекционер үйінде жылан өсіреді
Америкалық отбасы 200-ден астам экзотикалық жылан өсіреді. Бала кезінен жыланды күтіп-баптаушы Сократис Кристофердің ауласы жыландардың ұясына айналған. Оның коллекциясында сирек кездесетін жасыл питон, амазониялық Bоа мен Boeleni питоны бар. Сократис жыландардың тіршілік ету ортасын қалыптастыру үшін оларды тұрақты жылу және салқындату аймағымен қамтамасыз етеді. Күндіз 22 градус температурада ұстаса, түнде 20 градуста сақтайды. Отбасылық дәстүрді қазір балалары жалғастыруда.
Сократис Кристофер, жылан коллекционері:
- Біздің отбасымыз үшін бұл таңсық емес. Ал балалар олардан мүлдем қорықпайды. Отбасымызбен бауырымен жорғалаушыларға қызығушылығымыз жоғары. Қазір біздің үйімізде әлемдегі ең ерекше жылан ұясы бар.
Жылан жылы – жаңару жылы
Жыланға қатысты әлем елдерінде наным-сенім де көп. Мысалы Қытай күнтізбесінде жылан жылы әртүрлі мәдени және философиялық мәнге ие. 12 жылда бір келетін бұл жылды қытайлар даналық, сабырлық пен жаңару жылы деп санайды. Осындай сенім елдің ішкі және сыртқы саясатында оң өзгерістерді, экономикалық өсу мен халықаралық ықпалды арттыруға көмектеседі екен.
Жылан батылдықты жақсы көреді. Әлем болжаушылары келер жылды жасыл және қоңыр реңктен бөлек ашық түсті киіммен, у-шудың ортасында атап өтуге кеңес береді. Жыл символы табиғилықты жақсы көреді. Парфюмерияның өткір иісін қолданудан аулақ болған жөн. Ал үйді безендіруде жылтыр бұйымдардан аянып қалмаған абзал. Бұл жыланның табиғатына лайықталып жасалған. Сонда «сәттілік келер жылы сізге серік болады», - дейді мамандар.