2024 жылы болған ірі техногендік апаттар
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар адам өлімі бойынша барлық апаттар ішінде үшінші орында тұр. Біріккен Ұлттар ұйымының өкілдері осылай дейді.
Мұндай оқиғалар көбіне адами фактордың кесірінен болып жатады. Зауыттардағы жарылыстар, Жылу электр орталықтарындағы апаттар мен мұнай өнімдерінің төгілуі соның дәлелі.
2024 жылдың 24 маусымында Оңтүстік Кореяның Хвасон қаласында аккумулятор батареяларын шығаратын зауыт отқа оранды. Өрт аумағы 2300 шаршы метр болатын үшінші корпуста шыққан. Оқыс оқиға кезінде ғимарат ішінде 67 жұмысшы жүрген. Бірінші қабаттағылардың бәрі шұғыл эвакуацияланса, екінші қабатта болғандар ғимаратта қалып қойған. Соның салдарынан 22 адам қаза тапты. Ресми мәлімет бойынша өртке жарылыс себеп болған. Жалпы аккумулятор өндірісінде қолданылатын литий оңай тұтанатын металл саналады. Өрт кезінде температура Цельсий бағамы бойынша мың градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан ғимараттың екінші қабатында сақталған 35 мың аккумулятор бірінен соң бірі жарылып, өрт тез тарап кеткен.
Германиялық BASF химиялық концернінің Людвигсхафен қаласында орналасқан ең ірі зауытында шілде айында жарылыс болды. Одан 14 қызметкер жарақат алды. Апатқа не себеп болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Жалпы бұл - BASF зауытында болған алғашқы жарылыс емес. 2016 жылы ірі апат тіркеліп, 5 адам қаза тапты. 44 адам жарақат алды. Айта кетейік BASF — әлемдегі ең ірі химиялық концерн. Ол ауыл шаруашылығы, фармацевтика, құрылыс және басқа да салаларға арналған өнімдер шығарады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Өзбекстанның Байсун ауданында «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» газ кен орнындағы ұңғымалардың бірінен күкіртсутек атқылады. Уытты газ бұрғылау жұмыстары кезінде тарала бастаған. Оған технологиялық процесстің бұзылуы себеп болған. Осыған байланысты кен орнына жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары эвакуацияланды. Мектептер мен балабақшалар жұмысын тоқтатты. Дүкендер жабылды. Ресми мәліметке сәйкес тұрғындар арасында қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Айта кетерлігі «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» кен орны әлі толық игерілмеген ең ірі газ кен орны саналады. Есеп бойынша мұнда 150 млрд текше метрден астам газ қоры бар.
Қазан айында Куба қараңғыда қалды. Елдің жартысында күтпеген жерден электр қуаты өшті. Оған Матансас аралындағы ең ірі электр станциясындағы апат себеп болды. Жылу желілерінің тозуы мен техникалық ақау салдарынан негізгі қозғалтқыш істен шыққан. Соның кесірінен аймақтағы көптеген кәсіпорынның жұмысы тоқтап қалды. Үкіметтің нұсқауымен электр қуаты бар үйлер энергияны мейлінше үнемдеуіне тура келді. Ауқымды апатқа байланысты халыққа үндеу жасаған Премьер-министр сол кезде Кубадағы энергетикалық инфрақұрылымның ескіргенін айтып, отын тапшылығы барын атап өтті.