Дропшиппинг деген не?

Интернет-дүкен – ХХІ ғасырдың базары десек болады. Қазір әлеуметтік желіге кірсеңіз дүкендердің жарнамасынан көз тұнады. Биыл интернет арқылы сатып алушылардың саны 2,71 млрд-қа жеткен. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 70 млн-ға көп. Жалпы бұл көрсеткіштің күрт өсуіне не себеп? 

Қазір қоғам арасында саудагерлер байер атымен танымал. Ал олар айналысатын кәсіп дропшиппинг деп аталады. Таңсық атау болып көрінер. Сонымен бұл қандай кәсіп? Дропшиппинг бұл қолда жоқ тауарды сатып табыс табу. Яғни алып-сату. Қазір әлемдік сауда нарығында оның үлесі 243 млрд АҚШ долларға тең. Ал келер жылы көрсеткіш 372 млрд-қа артып, 2030 жылға қарай 1253 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Өйткені көпшілік қазір кез келген тұрмысқа қажетті затты үйде отырып-ақ тапсырыс беруге машықтанған. Сәйкесінше онлайн саудада жаңа тенденциялар барын байқаймыз. Дропшиппинг бизнесінде арнайы алаң бар. Ондағы дүкендердің 62,8% АҚШ-қа тиесілі. Сондай-ақ 8%-і Канада, 7,4%-і австралиялық дүкендер. Бұл дүкендер мен тұтынушы арасындағы делдалдар байерлер, ешбір қоймасыз, интернет-дүкен ашып, әлеуметтік желіде блог жүргізіп-ақ тауарын сата береді. Тик Ток олар үшін тиімді платформа. 

Амит Басу, Аrtisan Furniture қолдан жасалған бұйымдар сататын онлайн сауда алаңының бас директоры:

- Бұл кәсіп түрін географиялық бейтарап деп атар едім. Мәселен Германияда отырып-ақ Үндістанда жасалған мәселен кілем дейік, соны еш кедергісіз ала аласыз. Оны тасымалдау, қоймада сақтау бойынша бас қатырмайсыз. Бұл электронды коммерция нарығындағы революция деп айтсам қате айтпаймын.

Тапсырысты роботтар реттейді

Қазірде  АҚШ-тағы ең танымал Amazon онлайн сауда платформасы жасанды интеллект жүйесі бар жарты млн-нан астам роботты пайдаланады. Оларың әлемнің түкпір түкпіріндегі 300 млн-нан астам тұтынушыға қызмет көрсетуге мүмкіндігі жетеді. Компания өкілдерінің айтуына қарағанда бұл тиімді әрі жылдам. Мәселен робот сағатына 700 тапсырысты рәсімдей алады. Бұл адамның мүмкіндігінен әлдеқайда жоғары. Тауар сақтайтын қоймаларда Sparrow машиналық көру жүйесі мен Proteus атты мобильді арбалар жұмыс істейді. Сондай-ақ тапсырыстарды қабылдай алатын, жапсырмалардағы деректерді оқи алатын, қорапты тиісті арбаға орналастыра алатын роботтар бар. Бұлай кете берсе 10 жылдан кейін ақылды машиналар компания қызметкерлерінің көп бөлігін ауыстыруы мүмкін.  

Скотт Гамильтон, Жеткізу қызметін жоспарлау бойынша Аmazon вице-президенті:

- Жасанды интеллект бізге мерекелер маусымында және жомарт жұма сияқты сауда нағыз қызатын күндері кәдімгідей қолғабыс. Ол бізге ауадай қажет болады. Өйткені жұмыс қауырт. Тапсырыс әдеттегіден 10 есе көп болады. Сондықтан біз жаңа технологияны алдағы уақытта кеңінен қолданатындай басқа да қабілеттері мен мүмкіндігін пайдаланамыз.

Онлайн-сауда нарығы дамып келеді

Тұтынушыларға келетін болсақ Тайланд пен Колумбия тұрғындары әлем бойынша онлайн дүкендердің тұрақты сатып алушысы. Сондай-ақ онлайн-сауданың қызығын көріп отырғандар Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері және Үндістанда көп. 2018-2024 жылдар аралығында әлеуметтік желілердегі сатудан түскен табыс шамамен сегіз есе өсіп, 700 млрд АҚШ долларына жетті. 2025 жылға қарай әлеуметтік коммерция жаһандық онлайн сатылымдардың 20%-ін сақтайды деген болжам бар. Замануи тілмен Z буыны дейміз ғой, смартфонның, интернеттің қыр-сырын жақсы білгендіктен онлайн сатып алушылардың көпшлігі 18-27 жас аралығында. Қытайда осындай 900 млн-дай жасөсіпірім бар. Оларға базарға барып киінгеннен гөрі онлайн тапсырыс беру әлдеқайда жеңіл.