Оңтүстік Кореяда ұшақ апатынан кейін үйінділерді аршу жұмыстары жалғасып жатыр

Оңтүстік Кореяның Муан халықаралық әуежайында үйінділерді аршу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Кеше таңертең мұнда Jeju Air компаниясына тиесілі ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кетіп, бетон қоршауға соғылған еді. Артынша жарылыс болып, соңы өртке ұласқан. Апаттан кейін лайнерде болған 181 адамның тек екеуі ғана тірі қалды. Елде 7 күндік аза тұту жарияланған. Оқиға орнынан «қара жәшіктер» табылды. Тергеу жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша құстармен соқтығысқаннан кейін ұшақ дөңгелегінде ақау пайда болған. Апатқа сол себеп болуы мүмкін. Бүгін таңертең дәл осы Jeju Air компаниясының дәл осы үлгідегі ұшағы дөңгелегіндегі қиындақтарға байланысты ұшып шыққан әуежайына қайта оралуға мәжбүр болған. Билік елдегі Боинг 737-800 үлгісіндегі барлық ұшақтар тексерілетінін жария етті.