Димаштың Германиядағы тыңдарманы қазақ тілін үйреніп жүр
Димаштың Германиядағы тағы бір тыңдарманы қазақ тілін үйреніп жүр. Еріктілер саласында еңбек етіп келе жатқан Анжелик Эффенди неміс, француз, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Димаштың өнерімен таныс болғалы бері қазақ тілін үйренуге көшкен. Алғашында оқулық пен мұғалім табудан қиналғанымен артынша онлайн сабақ алуға жазылып, Абай институты қосымшасы мен Оксфорд қазақ сөздігін серігі еткен. Күнделікті қазақша мәтін оқып, сөз жаттауды әдетке айналдырған. Германиядағы қазақ қауымдастығымен етене араласып, түрлі жиындарға қатыса бастаған. Биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынына келген Анжелик қазақ тілін үйренуге қазақстандықтардың мейірімділігі де себеп болғанын тілге тиек етті.
Анжелик Эффенди, тіл үйренуші:
- Мен үшін қазақ тілі өте қызық тіл. Димаштың арқасында қызығушылығым еш азайған емес. Сұхбаттары мен концерттерінде қазақ мәдениеті мен тарихы жайлы жиі айтады. Мен де қазақ тілін жетік меңгерген соң сол бағытта көбірек ақпарат алғым келеді. Қазақ поэзиясына бойласам деген ойым бар. Бұл жолда маған кез болған қазақтардың өзі де көп көмектесіп жатыр. Қазақ тілін үйренуге арналған қолжетімді қосымшалар мен оқу құралдарының өзге тілдердегі нұсқалары көбейе берсе екен деген тілегім бар.