Қазақстан мен Өзбекстан: өңіраралық ынтымақтастықты арттыруға ниетті
Түркістан мен Өзбекстанның Жизақ облыстары арасында орнаған ынтымақтастық жөніндегі келісім іске аса бастады. Таяуда бұл өңірге қазақстандық делегация арнайы барып, өндіріс орындарын аралап қайтты.
Сапар аясында екіжақты сауда айналымын арттыру бастамасы қызу талқыланды. Айта кетейік, Жизақ егін, ал Түркістан мал шаруашылығын жан-жақты дамытып келе жатқан өңір. Қос тарап өзара тәжірибе алмасып, озық әдістерді енгізуге ниетті. Түркістандық кей шаруалар өзбекстандық еңбеккерлер секілді балық өсіру кәсібін игеруді көздеп отыр. Бұл аймақта етке ұдайы сұраныс бар. Сол себепті Қазақстанда ет бағытында жұмыс істейтін ірі қара және жылқы шаруашылықтары көрші ел нарығына кіру жайын қарастырып жатыр. Күн тәртібінде екі ел азаматтары үшін барыс-келісті жеңілдету мәселесі де енген.
Қанат Шоңбасов, Түркістан облысы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:
- Өнеркәсіп жағынан, сауданы дамыту бойынша және шекаралас жатқан шекаралардан өтуді жеңілдету мақсатында көп мәселелерді талқыладық. Солардың шешімін табу бойынша жұмыс атқарылады. Бізден сіздерге ет өнімі жеткізіледі. Осы ауыл шаруашылығы саласы бойынша экспортты дамыту, экономиканы бір-біріміздің көтеру бойынша біраз жобаға қызығушылық танытылып отыр.