Британия үкіметі кәсіпкерлердің салық жүктемесін арттырады

Ұлыбритания билігі бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін келер жылдан бастап бизнес өкілдеріне салынатын салық мөлшерін көбейткелі жатыр.

Кәсіпкерлер: «Егер үкімет тарапынан шұғыл түрде қолдау көрсетілмесе, алдағы 6 ай көлемінде қаржылай қиындықтарға тап болып, жабылып қалуымыз мүмкін», - деп дабыл қағуда.

Пабқа бару Британ халқы мәдениетінің ажырамас бөлігі болып келді. Бірақ бұл үрдістің үзілетін түрі бар. Өйткені сыраханалардың көпшілігі салықты көбейтпекші болған үкіметтің жоспарынан кейін қаржылай қиындықтарды бастан кешіп жатыр. Биліктегілер жаңа жылда әрбір жұмысшының Ұлттық сақтандыру қорына төленуі тиіс әлеуметтік қамсыздандыру салығының көлемін өсірмекші. Оған жауапты қатардағы қызметкер емес, жұмыс беруші. Кейбірінде пандемия кезінде алған несиесі әлі бар.

Ричард Моглиани, кәсіпкер:

- Бұл қазірдің өзінде Ұлыбританиядағы өнер және қонақжайлық сияқты салаларға әсер етті. Бұдан әрі не болатынын болжап айту қиын. Біз тағы екі адамды жұмысқа алғымыз келген. Бірақ қаржылық тұрғыдан шамамыз жетпейтін сияқты. Клиенттер қыдыруға жұмсайтын шығындарын азайтты. Қалай күн көреріміз белгісіз.

Ұлыбританияның кешкі ойын-сауық саласы 30 жасқа дейінгі 2 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып, ұлттық экономиканың маңызды қозғаушы күші болып келді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәкес осы саладағы кәсіпкерлердің 90 пайызы көлемді қаржылық қиындықтарға тап болғанын айтқан. Респонденттердің 40 пайызы шұғыл қолдау көрсетілмесе, алдағы жарты жылда кәсібімізді дөңгелете алмаймыз деп отыр.

Нил Инсалл, қаржылық кеңесші:

- Басқа елдермен, әсіресе Франция, Бельгия және Италиямен салыстырғанда, бізде әлеуметтік қамсыздандыру шығындары салыстырмалы түрде төмен болып келді. Бірақ егер бұлай жалғаса беретін болса және жұмыс берушілер қосымша салық төлейтін болса, кәсіпкерлердің жағдайы нашарлайды.

Бұл аздай, мұра салығы бойынша жеңілдіктер де жойылады. Зейнетақы жинақтарының және фермерлік жерлердің мұрагерлері де салық төлеуге міндеттелмек. Активтері мен акцияларын сатқандардың салығы да көтеріледі. Осылайша үкімет бюджеттің жыртығын жамау үшін салықты 30 жылда болмаған деңгейге, яғни 40 млрд фунтқа арттырып отыр.

 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы