Жас ғалым Меруерт Советова Ұлыбританияда 3D принтер технологиясын зерттеп жүр
Жарты жылда тұрғызылатын үйді бір жарым айда салуға болады. Құрылыс материалдарының шығындарын азайтып, қателіктерді болдырмауға мүмкіндік бар.
3D принтер технологиясының артықшылықтарын алматылық Меруерт Советова Ұлыбританияда зерттеп жүр.
Меруерт арнайы көзілдірік киіп, бетіне маска тағып алған, аяғында қара бәтеңке, ал үстінде ақ халат, ғылыми зертханада қауіпсіздікке ерекше мән беріледі. Отандасымыз құм мен цементті араластырып, 3D принтерге қажет қоспа дайындап жатыр.
Меруерт Советова – инженер-құрылысшы. Еуразия ұлттық университетінде бакалавриат, Назарбаев университетінде магистратура оқыған. Қазір Ұлыбританиядағы озық оқу орындарының бірі Ноттингем университетінде құрылыс технологиялары мамандығы бойынша Phd докторантурада білім алып жатыр.
Меруерт Советова, Ноттингем университетінің PhD cтуденті :
- Мен 3D принтер технологиясымен жасалған ғимараттардың жылулық және энергетикалық көрсеткіштерін зерттеймін. Негізгі міндет дәстүрлі технологиямен және 3D басып шығару технологиясымен жасалған құрылыс материалдарының қасиеттерінің айырмашылығын анықтау.
Дәстүрлі технологиялармен салыстырғанда құрылыс заттарын принтермен басып шығаратын құрылғылар еңбек шығындарын 80, құрылыс қалдықтарын 60, ал жұмыс уақытын 70 пайызға дейін қысқартады. Ноттингем университетінің басты артықшылықтарының бірі - өндіріспен тығыз байланыста жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Джон Кайзер Калаутит, Құрылыс инженериясы кафедрасының доценті:
- Қазір университетімізде әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 30-дай ғалым, 50-ге жуық PhD студент бар. Тұрақты дамуға бағытталған ғимараттарды жобалау, энергетикалық технологияларды дамыту, экологиялық таза материалдар жасауға аса мән береміз. Меруерт шағын көлемді 3D принтерлерді жетілдірумен айналысады. Болашақта еңбегінің жемісті болатынына сенеміз.
Отандасымыздың ғылыми жұмысы бағасы қолжетімді шағын 3D принтерлер жасауды да қамтиды. Бұл – бюджеті шектеулі дамушы елдер үшін ұтымды шешім. Жас ғалым принтер басып шығарған қабырғалардың үйді қаншалықты жылы ұстайтынын зерттейді. Бүгінде ол шетелдік оқу орындарымен байланыс орнатып, жобасын қаржыландыру көздерін қарастырып жатыр.
Меруерт Советова, Ноттингем университетінің PhD cтуденті:
- Сингапурдағы бір университетпен бірлесіп, бір жобаны жасап жатырмыз. Негізгі идея менікі. Қазір бұл жобаны университетке грантқа тапсырып жатырмыз. Бұл жобаның мақсаты 3D принтермен басып шығарылған қабырғаның қаситеттерін бағалау. Оны жылы сақтау және механикалық қаситеттерін жақсарту және қолданылатын материалдардың мөлшерін азайту.
Ұлыбританияда 3D принтер технологиясы ғылыми-зерттеу ұйымдарында және өнеркәсіпте өте дамыған. Жақында осы технологияны пайдаланып, ең үлкен тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр. Бұл технология, сондай-ақ тасжол және теміржол инфрақұрылымдарында да қолданылады. Материалдарды үнемдеумен қатар, ауаға көмір қышқыл газын бөлуді 50%-ға дейін азайтады. Меруерт келер жылы оқуын аяқтап, елге оралады. Ұлыбританияда көрген-білгенін Ұлы дала елінде кәдеге жаратпақшы.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы