Берлин көшелерінде жаңажылдық көңіл күй қыза түсті
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Германия қалаларында мерекелік жәрмеңкелер қыза түсті. Биылғы сауда айналымы былтырғыдан асып, 122 млрд еуроға жуықтаған.
Осы кезеңдегі мерекелік шығындар бойынша Алмания Ұлыбританиядан кейінгі екінші еуропалық мемлекет болып отыр. Былтыр адам басына жұмсалған сыйлық шығыны 500 еуродан асқан.
Ердана Ержанұлы, тілші:
- Бұл күндері Берлин көшелерін тұман басса да, халықтың көтеріңкі көңіл күйін бірден байқауға болады. Себебі дәл осы секілді үш мыңға жуық мерекелік жәрмеңке бас қала мен Германияның түкпір-түкпірін ерекше сиқырға бөлеп жатыр. Бұл орындарда биыл сауда айналымы да арта түскен. Мәліметтер бойынша 120 млрд еуродан асқан деседі.
Эндрю, аспаз:
- Меніңше, осындай жәрмеңкелерде сауда кейінгі күндері қыза түсті. Маңайында көптеген туристік орындар бар. Соған қарай адамдар да көптеп келіп жатыр. Табысымызда арта түсті. Бір күнде 300-ге жуық панкейк саттық.
Ловус, аспаз:
- Мен бұл жерде көптен бері жұмыс істеп, нәпақа тауып отырмын. Сауда жақсы жүреді дегенді естіп өзге қаладан арнайы келіп еңбек етіп жатырмын. Бұл жердегі әріптестерім де мейірімді, мереке де жақсы сезіліп жатыр.
Биылғы жәрмеңкелерде әдеттегідей шұжықтар мен қайнатылған шарап сатылымның көш басында. Одан кейін қант қосылған жаңғақтар, қолөнер бұйымдары мен картоп тағамдары тұр. Жыл жаңалығы ретінде шоколад қосылған маршмеллоу, веган шұжықтары, венгриялық лангос наны секілді өнімдер жұрт назарын аударған.
Бұдан бөлек, биыл Германиядағы мерекелік маусым ел саясатындағы үлкен өзгерістерге куә. Ел президенті парламентті таратып, сайлау күнін бекітті. Тоқырауға ұшыраған экономиканың тың серпін алып, көші қон мәселелері мен қордаланған инфрақұрылым қиындықтарының шешілуі алдағы жаңа жылдан күтетін басты тілекке айналып отыр. Жәрмеңкедегі қызу қарбалас, жақын күндері бундестаг маңайы мен сайлау учаскелеріне ұласуы әбден мүмкін.
Авторлары: Ердана Ержанұлы, Павел Рубан