Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді

Биыл тараптар саяси диалогты одан әрі жандандырып, бірлескен бастамаларды ұлғайтты.

Әріптестік жөніндегі бағдарлама іске қосылып, мемлекет басшылары төрағалық ететін арнайы кеңес құрылды. Жаңа іскерлік алаң ынтымақтастықты тереңдетуге сеп болмақ.

Биыл Ташкент облысында Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің филиалы ашылды. Ал Алматыда Өзбекстан Ирригация институтының өкілдігі жұмысын бастады. Экономикалық тұрғыда қолға алынған құны 3 млрд доллардан асатын жаңа 70 жоба бар. Алдағы жылдары олардың қатары тағы толығады. Бұл жайында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі жергілікті телеарнаға берген сұхбатында айтты. Дипломат екі жақта бизнеске қолайлы жағдай жасалып, жұмыс тобы отырыстары жиі өткізіле бастағанын атап өтті.

Өзара байланысты нығайтатын бастамаларды екі ел басшылары бейресми жағдайда да талқылады. Әуелі Шымкент, кейін Хиуада өткен келелі кездесулер сол сөзімізге дәлел. Мамандардың пайымынша, тарихы мен тамыры бір көршілердің жаһандану кезеңіндегі әріптестігі тұтас Орталық Азияға тиімді. Сол арқылы аймақ тұрақтылыққа қол жеткізеді. Оның үстіне халық саны және жалпы ішкі өнім көлемі жөнінен бұл мемлекеттер көш ілгері.

Аймақта жалпы сауда айналымының басым бөлігі Қазақстан мен Өзбекстанға тиесілі. Жыл қорытындысы бойынша көрсеткіш 4 млрд доллардан асуы ықтимал. Біздің тарап Орталық Азияны мұнай, металл және астықпен қамтамасыз етсе, ала шапанды ағайын нарыққа тоқыма және жеміс-жидек жеткізеді. Бұдан бөлек, қос ел инвестициялық жобаларды көптеп жүзеге асырады. Өткен жарты жылда бұл мақсатқа 800 млн доллар қаржы құйылған.

Тағы бір басымдық энергетика саласына беріліп отыр. Құзырлы органдар бұл істе біраз алға жылжыды. «Жасыл» жобалар мен экологиялық бастамаларды жүзеге асыру тұрғысынан көзқарас ортақ, пайым бір. Ғылыми-технологиялық және өндірістік кооперацияны жеделдету де күн тәртібінен түскен емес.

Авторы: Рауан Мыңбаев