Пәкістандық суретші өз туындыларымен жұрт назарын аудартты
Ерекше сурет салу техникасын ойлап тапқан пәкістандық суретші өз туындыларымен көпшіліктің назарын аударды.
Ол бояудың орнына шай мен кофені қолданады.
Бұл пәкістандық суретші Муштак Лашари. Бояу орнына кофе мен шай қолдана отырып, сурет салудың нағыз шебері. Оған мұндай ой әріптестерімен шай ішіп отырып, байқамай картинасына шай төгіліп кеткен сәтте келген. Сол уақыттан бері кофе мен шай Муштактың туындыларының басты бөлшектеріне айналды.
Муштак Лашари, суретші:
Алғашқыда тек шаймен жұмыс істедім. Бірақ ол менің картиналарым үшін жеткіліксіз болғандықтан кофе түстерін қосуды да жөн көрдім. Осылайша шай мен кофенің үйлесімі картиналарға ерекше сипат беретінін түсіндім.
Лашари әрдайым керемет сурет салып, өз елін әлемге танытуды армандаған. Осы мақсатына жету үшін туған қаласы Карачидің көрікті жерлерін бейнелейтін жаңа картиналар салады. Бұл еңбектерін осы өзінің ерекше әдісін қолдана отырып жасайды.
Муштак Лашари, суретші:
- Тарихи мұраны сақтап қалу - биліктің міндеті. Себебі олар біздің келешек ұрпаққа қалдыратын баға жетпес мұрамыз. Ал менің міндетім осы тарихи мұраларды қағаз бетіне сурет күйінде түсіріп жеткізу.
Ерекше сурет салу техникасынның авторы Лашари, өз елінің өнері мен мәдениетіне қосқан айрықша үлесі үшін президенттік марапатқа ие болды. Бүгінгі таңда суретшінің шығармашылық қоржынында Пәкістанның тарихи ғимараттары бейнелеген 33 туындысы бар.
Динара Орынтай