Жаңа жылды Амстердамда қарсы алуға келген туристер көп
Еуропа елдері Жаңа жылды бізден 4-5 сағаттан кейін қарсы алады. Қазір кәрі құрлықтың барлық қалалары әсем безендіріліп, жыл мерекесін тойлауға әзір. Соның бірі – көпке танымал Амстердам шаһары. Ол Еуропада туристер ең көп келетін қаланың бірі саналады.
Амстердамда Жаңа жыл кең көлемде тойланады. Мерекелік ағаштар әрбір аттам жерде безендірілген. Каналдар бойындағы мыңдаған жарқыраған гирляндалар мен ерекше жарық қондырғылары мерекелік атмосфера сыйлайды. Өздеріңізге мәлім, бұл жақта басқа елдерде тыйым салынған дүниелерді жасауға рұқсат және ол заңдастырылған. Содан да болар, мұнда әлемнің түкіп-түкпірінен келген туристер тізгінді жіберіп демалады. Тап қазір алып шаһарда бірде-бір қонақ үй бос емес.
Фейзал Карим, турист:
- Амстердамда жаңажылдық атмосфера ғажап. Достарым да осында. Сондықтан Португалиядан арнайы келдім. Суық болғанына қарамастан мұнда күннің қалай өткенін байқамайсың.
Голландықтардың «Ескі-жаңа» деген атпен Жаңа жылда ұйымдастыратын отшашулары ерекше. Елде пиротехниканы қолдануға осы күні ғана рұқсат. Десе де 19 муниципалитет отшашулық шоулардан бас тартып отыр.
Дмитрий Мирков, турист:
- Германиядан жаңа жылды осында қарсы алайын деп келдім. Бірақ кей жерлерде отшашуларға тыйым салды деп естідім. Бірақ бұл мерекелік көңіл күйге еш әсер етпес деп ойлаймын. Баршаны Жаңа жылымен құттықтаймын.
Нилуфер Олгун, жергілікті тұрғын:
- Жаңа жылды отбасымен атап өтпейміз. Бірақ дос-жарандарымды осы бір керемет мерекемен құттықтаймын. Бұл маңызды күн. Бәріне жақсылық тілеймін.
Шаһар қонақтары қаладағы шоу мен арнайы ойын сауық мекендерді таңдаса, жергілікті тұрғындар мерекені отбасымен атап өтеді. Бұдан бөлек, жылда дәстүрлі түрде халық арасында жаңа жылдық жүзу марафоны ұйымдастырылады. Биыл бұл қызықты іс-шараны Шевенингенде өткізу жоспарланған. Оған 10 000-ға жуық адам қатысады деп отыр.
Авторы: Меруерт Қанағат.