Грекияда бір жылда 71 мың сәби ғана дүниеге келді
Грекияда демографиялық ахуал ушықты. Былтыр бала туу көрсеткіші ел тарихындағы ең төмен деңгейге түсіп кеткен. Қазір халық саны 10 миллионнан асады. Бұлай жалғаса берсе, 2070 жылға қарай тұрғын саны төрттен бірге қысқаруы мүмкін деген күдік бар. Демографиялық дағдарыс салдарынан қаңырап бос қалған елді мекендер көбейіп барады.
Грекияда қаржылық дағдарысқа байланысты 2010 жылы алғаш рет кісі өлімі бала туу көрсеткішінен асып кетті. Сол уақыттан бері демографиялық жағдай тек қиындап барады. Былтыр елде 128 мың адам қайтыс болып, небәрі 71 мың сәби дүниеге келген. Бұл бұрын-сонды болмаған ең төмен көрсеткіш. Сарапшылар: «Бәріне қаржылай қиындықтар себеп», – дейді. Бала тұрмақ, өзін асырай алмай жүргендер көп. Жұмыс табу қиын. Жалақы төмен. Содан білімді жастар жақсы өмір іздеп, шетелге кетіп жатыр.
Василики Эммануил, көпбалалы ана:
- Біз кезінде Германияға көшіп кеткенбіз. Өйткені көпбалалы отбасымыз. Бәрін өсіріп-жеткізу үшін жалақысы жоғары жаққа бару керек болды. Кеткім келмей, жүрегім ауырды. Енді, міне, 6 баламмен қайтып келдім. Бірақ күйеуім әлі сол жақта.
Содан қаңырап қалған ауылдар мен шағын қалалар көбейген. Ондай елді мекендер саны 200-ге жуықтайды. Биыл балғындардың жоқтығынан Грекияда 200-ден аса мектеп пен балабақша жабылып қалды. Кейбір ауылдарда балалар әртістер секілді танымал тұлғалар саналады. Тіпті олардың туған күндерін басты алаңда атап өту дәстүрге айналған.
Константин Дусикос, шіркеу қызметкері:
- Біз ауылымыз қаңырап бос қалмау үшін қайырымдылық пен муниципалдық бағдарламалар есебінен өзге аймақ тұрғындарын осында көшіп келуге ынталандыру науқанын қолға алдық. Қоныс аударған отбасыларға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз.
Бала туу көрсеткіші жағынан Грекия Еуроодақта көш соңында тұр. Кәрі құрлықтың өзге елдеріндегідей мұнда да қарт кісі көп. Былтыр 65-ті алқымдаған қариялардың үлесі 23%-ке жеткен. Бұл зейнетақы жүйесі мен медицинаға, айналып келгенде экономикаға салмақ салады. Билік мәселені шешу үшін түрлі шараларды қолға алған. Мысалы, былтыр отбасы министрлігі құрылды. Келер жылдың бюджетінде бала күтімі бойынша төлемдер ұлғайған. Бұдан бөлек, билік 2035 жылға дейін бала туу көрсеткішін көтеру үшін 20 миллиард еуро бөлуге ниетті. «Бірақ әзірге ынталандыру шаралары өз нәтижесін бермей отыр», – дейді сарапшылар.
Авторы: Жулдыз Атагельдиева