Кореяда президентке қарсы шеру өтті
Сеулде мыңдаған адам ел президенті Юн Сок Ёльдің отставкаға кетуін талап етіп, шеруге шықты.
Шерушілер мемлекет басшысының резиденциясы маңына жиналып, полицияның тосқауылын бұзып өткен. Осыған байланысты бірнеше адам қамауға алынды. Дәл осы наразылық акциясымен қатар Сеулде Юн Сок Ёльдің жақтастары да көшеге шықты. Олар президентке жарияланған импичменттің заңсыз деп танылуын талап етті. Естеріңізде болса, жуырда елдің жоғарғы соты мемлекет басшысын қамауға алу туралы ордер берген еді. Себебі Юн Сок Ёль әскери жағдай енгізуге қатысты қылмыстық іс бойынша тергеуге келмеген. Алайда полиция қызметкерлері президентті қамауға ала алмады.
БЛИЦ
- Менің ойымша, Юн Сок Ёльді дереу қамауға алу керек. Бұл іс тым ұзаққа созылып кетті. Жақында үлкен митинг өтуі мүмкін, ал егер ол уақытқа дейін қамауға алынбаса, қарсыластары мен жақтастары арасында үлкен қақтығыс басталуы мүмкін.
- Әскери жағдай енгізу президенттің өкілеттіктеріне кіреді. Ол заңсыз әрекет емес. Мұны бүлік деп атап, сол үшін қамауға алу – ешқандай қисынға сай келмейді.
- Юн Сок Ёльді қамауға алу туралы ордер заңды деп санаймын. Ал оның жақтастарының жасап жатқан заңсыз әрекеттері үлкен қауіп төндіреді.