2025 жылы адамзат технология саласында жаңа кезеңге қадам басады

Жақсы маманға қай салада зәру. Бірақ алдағы 50 жылда біраз адамның орнын робот басатыны анық, деп хабарлайды 24kz.

Қазірдің өзінде жасанды интеллектінің көмегімен жанармай құю бекетінен бастап мейрамхана ісі, ас үй, жеткізу қызметін құлтемір орындауға көшті.

Әлем тез өзгеріп барады. Биылдың өзінде дүниені көп өзгеріс күтіп тұр. Зауыттарда робот жұмысшылар пайда болып, ұшқышсыз ұшақ, жүргізушісіз көлік қолданысқа енді.

Алпауыт Америка мен Қытай бұл салада көш ілгері. Көршіміз пилотсыз таксидің игілігін қазірден сезіне бастады. Жылан жылында жылдам сымсыз байланыс желісі, 6G технологиясы іске қосылмақ.

Әсия Нұрлыбаева, тілші:

- Сарапшылардың болжамына сүйенсек, алдағы 5 жылда жер шарындағы жұмыстың 50%-ке жуығы қолжетімді технология арқылы автоматтандырылуы мүмкін.

Биыл адамзат технология саласында жаңа кезеңге қадам басады. Жасанды интеллектен бастап кванттық есептеуге дейінгі технология дәуірінің куәсі болады. Тұрмысымызға біртіндеп ене бастаған жасанды интеллектінің көмегімен зауыттарда өндіріс автоматтандырылады. Қызмет көрсету саласында виртуалды көмекшілер пайда болады. Темір құрылғы адамның айтқанын орындап қана қоймай, онымен тілдесіп, өз пікірін білдіре алады. Осы жылы Tesla құрастырған Optimus гуманоидты роботы қолданысқа енуі мүмкін. Электромобиль өндірушілер биыл осы Optimus-ты ішкі жұмыстар үшін қолдана бастайды. Илон Масктың айтуынша, бұл құрылғы келер жылы сатуға шығады.

Илон Маск, Tesla компаниясының негізін қалаушы:

- Бұл құрылғы сіз қалаған нәрсенің бәрін жасайды. Керек десеңіз, балаңызды бағып-қағып, күте алады. Мұғалім ретінде сабақ оқытып, үй тапсырмасын қадағалайды. Дүкенге барып, азық-түлік сатып алады. Жай ғана сізбен сырлас дос та болуға мүмкіндігі жетеді. Меніңше, бұл адамзат бұрын-соңды көрмеген ең үлкен технологиялық өнім болғалы тұр.

 

Пилотсыз такси тиімді ме?

Биыл көлік жүргізушісі мамандығына сұраныс азаюы мүмкін. Өйткені көп елде өзін өзі басқаратын көліктер қолданысқа енеді. Тың инновация темір тұлпарды жүргізушісіз автоматты түрде тізгіндейді. Өздігінен жүретін мұндай көліктер даму сатысына қарай 6 деңгейге жіктеледі. АҚШ-та қазір 4-ші деңгейлі ақылды көліктер кәдеге жарап тұр. «Биыл 5-ші деңгейлі роботаксилер пайда болады», - дейді сарапшылар.

 

Қытайда роботаксилер сынақтан өтіп жатыр

Қытай пилотсыз такси құрастыруда көп елден көш ілгері. Ухань қаласында тұрғындар қазірден-ақ өздігінен жүретін көлік мініп жүр. Онда 1 мыңнан астам роботакси ресми тіркелген. Енді биылдан бастап Бейжің бұл бастаманы қолданысқа енгізбек. Тағы Қытайдың 19 қаласы ақылды таксилер мен автобустарды сынақтан өткізіп жатыр. Жоба кәдеге асса, тұтас ел аумағында такси жүргізушілері қажет болмай қалады.

 

6G технологиясы іске қосылуы мүмкін

Биыл әлем 6G сымсыз байланыс желісінің игілігін көруі мүмкін. Ал бір саты төмен 5G желісі осы жылы біраз елде іске қосылады. 5G жылдам интернеті Қытай, Оңтүстік Корея, АҚШ және Еуропада осыдан 6 жыл бұрын-ақ іске қосылған. Енді бұл елдер сымсыз желінің келесі буыны 6G технологиясы бойынша алғашқы сынақ жұмыстарын жүргізуі мүмкін. Қазір әлемде 1,6 млрд адам 5G сымсыз байланыс желісіне қосылған. 2030 жылға қарай қолданушылар саны 5,5 млрд-қа жетеді деген болжам бар.

Мэтс Гранрид, GSMA бас директоры:

- Біз жылдар бойы 4G байланыс желісін қолданып келдік. Бірақ 4G-дің кейбір кемшіліктері мен жеткіліксіз тұстары көп болды. Енді 5G сымсыз интернет байланысына көшетін уақыт келді. 5G – бұл бизнеске бағытталған технологиялық стандарт.

Иә, технологияның тілін білген ұтады. Бірақ инновацияның игілігінен бұрын кибершабуылдың кесірін көрушілер де көбеюі мүмкін. Өйткені жасанды интеллектінің жылдам дамығаны соншалық, оның көмегімен кез келген адамның жеке мәліметін қолды етіп, жасанды дауыс, жасанды бет-әлпетті айнытпай салуға болады. Бұл алаяқтардың қаптап, оның арбауына түсетін адамдардың артуы мүмкін деген сөз. Өйткені биыл кибершабуылдың ауқымы кеңейеді. Дәлірек айтсақ, жеке деректерді пайдалана отырып жасалған фишингтік хаттар, жалған телефон қоңыраулары, танымал адамдардың даусын айнытпай салу сияқты қызметтік бағдарламалар дамиды. Сол себепті технологияны жан-жақты меңгеріп, оны ұтымды пайдаланған артық етпейді.

Биыл 85 млн адам жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Бүкіләлемдік экономикалық форум осындай болжам жасады. Өйткені жасанды интеллект кей мамандықтарды бірыңғай автоматтандырып, біртіндеп жұмысшылардың орнын басып жатыр. Бірақ «бірақ» дейтін бір тұсы бар. Технология кей мамандықты жойғанымен, оған бейімделуді қажет ететін біраз салада жаңа кәсіпке жол ашуы әбден мүмкін. 97 млн жаңа жұмыс орны ашылады деген болжам да бар. Бірақ бұл жай ғана болжам. Ал оның нақты іске асып-аспауы алдағы уақыттың еншісінде.

Иә, таяқтың екі ұшы бар. Жасанды интеллектінің де оң әрі теріс әсері болуы заңды. Қалай болғанда да, биыл әлемді бұл салада көп өзгеріс күтіп тұр. Бастысы, технологиядан тысқары, трендтен қалыс қалмай, жаңа кезеңге қадам бассақ құба-құп.