Шартарап. АҚШ-та күн күрт суытты

Жер бетінде ауа температурасы жылдан жылға жоғарылап барады.

Ғаламдық орташа температура алғаш рет 1 жарым градусқа артты. Соның кесірінен табиғат тепе-теңдігі бұзылып, алапат апаттар қалыпты құбылысқа айналды. Былтыр әрісі Еуропа мен берісі Азия халқы бұрын-соңды болмаған тасқын, дауыл, өрт пен құрғақшылықтың куәсі болды. БҰҰ мамандары: «Ғасыр соңында ғаламдық орташа температура 3 градусқа жоғарылауы мүмкін», - деп дабыл қағып отыр. Ал биыл жаһан жұртын қандай күн райы күтіп тұр? Сарапшылар қандай болжам жасады? «2024 жыл тарихта ең ыстық жыл ретінде тіркелді. Биыл да жаһандық жылыну осы қалыпта жалғасады», - дейді сарапшылар.

Күннің қатты ысуына Тынық мұхитында су температурасының жоғарылауы себеп. Бұл құбылыс Эль-Ниньо деп аталады. Ал мұхит суының салқындауынан Ла-Нинья құбылысы қарқын алады. Қазір Ла-Ниньяның әсерінен ғаламның біраз аймағында қыс қаһарына мініп, сарышұнақ аяз келді. Оның салдары әсіресе Американың ауа райына әсер етіп отыр. АҚШ-тың 7 бірдей штатында күн күрт суытып, қатты бұрқасын соғып, қалың қар түсті. Бұл кейінгі он жылда болмаған құбылыс. Синоптиктердің айтуынша, экстремалды ауа райы Арктикадағы полярлық құйыннан туындаған. Қазір бұл аймақтарда қатты суықтан жолдар жабылып, мыңдаған рейс кейінге шегерілді. Білім беру ұйымдары уақытша жұмысын тоқтатты.  Миллиондаған америкалық зардап шеккен.

 Пол Пастелок, метереолог-сарапшы:

-Америкалықтар 2011 жылдан бері мұндай үскірік аязға алғаш рет куә болып отыр. Қаңтар айы, меніңше, АҚШ халқы үшін ең суық ай ретінде тіркеледі.

Газа секторында жаңбыр басылмай тұр

Газа секторында да қыс қаһарына мінді. Мұнда бірнеше күннен бері шелектеп жаңбыр жауып, тұрғындар қоныстанған аймақты су басып қалды. Жауын-шашыннан аяқ алып жүру мүмкін емес. Қақтығыстан қажыған жұрттың енді қолайсыз ауа райына төтеп беруге шамасы жоқ. Бұл аздай аштық пен жоқшылық оларды әбден титықтатып жіберген. БҰҰ келтірген дерекке сүйенсек, аймақта 15 мың бала аштықтан зардап шегіп отыр. Ал қақтығыс басталғалы миллиондаған палестиналық қонысын тастап кетті. 45 мыңнан астам адам қаза тапты.

Исмаил Надим, жергілікті тұрғын:

-Мұнда күн тым суып кетті. Жауын-шашын тоқтаусыз жауып, лашығымыздың күл-талқанын шығарды. Барар жер, басар тауымыз жоқ, шарасыз хәлдеміз. Қақаған суықта тас жерде түнеуге мәжбүрміз. Бізден бұрын балаларымызға обал. Әбден қиналып кеттік.

Биылғы жаз былтырғыдан да ыстық болады

«Қыс қаһарлы болса, жаз жадыраңқы болады», - дейді біздің халық. Бірақ ғалымдар, биылғы жаз былтырғыдан да қатты ыстық болады деген болжам жасады. Ауа температурасы тым жоғарылап, ғаламдық жылыну үдерісі осы жылы да жалғасады. Халықаралық метеобюро сарапшыларының болжамы осындай. Олардың айтуынша, қайталанатын Эль-Ниньо мен Ла-Нинья циклының әсерінен жаһандық температура қалыпты деңгейден тағы бірнеше градусқа көтеріледі.

Жюльен Никола, Copernicus бағдарламасы бойынша зерттеуші-ғалым:

-Осы жылдың алғашқы бірнеше айында жоғары температура сақталады. Жер шары қазіргідей ыстық климатқа бұрын-соңды тап болған емес. Климаттық мәселелерді шешудің ең тиімді жолы – зиянды шығарындыларды азайту бойынша ғаламдық міндеттемелер қабылдау.

Дауыл күшейіп, тасқын жиілейді

Тағы бір болжам, биыл жер шарының біраз аймағында алапат дауыл соғады. Сарапшылар мұны Атлант мұхитында су температурасының жоғарылауымен байланыстырады. Бұл әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азияның тайфунға бейім аймақтарында жиі тіркеледі. «Мұның соңы гуманитарлық және экономикалық дағдарысқа әкеп соғуы мүмкін. Ал жылу толқыны Оңтүстік Азия, Оңтүстік Еуропа мен Солтүстік Американың кей өңірлерінде ұзаққа созылады», - дейді ғалымдар.

Сондай-ақ биыл теңіз деңгейі көтеріліп, арнасынан тасиды деген де болжам бар. Мальдив аралдары, Бангладеш және Тынық мұхитындағы кей аралдарда қауіп жоғары. Тасқын көбейсе, бұл аймақтағы тіршілікке кері әсерін тигізуі мүмкін. Мұның соңы миллиондаған адамның қоныс аударуына әкеп соғуы ықтимал.

Бүгінгі қадам –экологиялық таза қоғам

Ғалымдар климаттық өзгеріске негізгі себеп адамзат қолымен жасалатын әрекеттер екенін айтудан жалықпайды. Бірақ мұның алдын алу үшін жер шарын сақтап қалудың бірнеше тәсілін ұсынып отыр. Ең алдымен рационға көңіл бөліп, өсімдік негізіндегі тағамдарға көшуге кеңес береді. Бұған көшу арқылы көміртекті 75%-ға дейін азайтуға болады. Ұшақ орнына пойызбен жүру әлдеқайда тиімді. Әуе көлігі көміртек шығарындыларын пойызға қарағанда 10 есе көп бөледі. Бір реттік пластиктен бас тарту экологияға қауіп төндірмейді. Өйткені бір қолданатын пластик 100 жылға дейін ыдырамай, экожүйеге зиянын тигізеді. Айналаны жасыл желекке айналдыру – табиғатқа жанашырлық танытудың ең тиімді жолы.

Бұл қарапайым қағида бір қарағанда қиын болғанымен, бес саусақ біріксе, үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болады. Өйткені табиғатты қорғау өз қолымызда.