АҚШ-та ұшатын такси cынақтан өтіп жатыр

АҚШ-та жолаушылар енді әуе таксиіне тапсырыс бере алады, деп хабарлайды 24kz.

Бірқатар компания қазір өз өнімдерін таныстырып жатыр. Осылайша, олар кептеліс мәселесін шешуге әрі экологияны жақсарта түсуге үлес қосуға ниетті.

Бұл – eVTOL нұсқасындағы әуе көлігі. Салмағы 3 тонна әуе аппараты сағатына 322 жылдамдықпен ұшып, 161 шақырым қашықтықтықты бағындырады. Бір ай жүргізілетін сынақ барысында, әуе таксиі таулардың арасынан, тұрғын үйлердің, егістік алқаптарының төбесінен жүріп өтпек. Ұшақтың ерекшілігі – дыбыссыз. «Әрі электрлі болған соң ауаға зиянды бөлшектер таралмайды», - дейді компания өкілі.

Джон Вагнер, Joby Aviation компаниясының электроника бөлімінің жетекшісі:

- Компанияның түпкі мақсаты – ауаға таралатын көмірқышқыл газдың мөлшерін азайтуға үлес қосу. Сондықтан әуе ұшақтары электрлі. Сондай-ақ әуе арқылы қатынау тиімді, тез, қауіпсіз әрі қоршаған ортаға еш зияны жоқ екенін дәлелдегіміз келеді.

Әуе таксиі әзірге жерден басқарылады. Ал, келешекте арнайы маманның бақылауында болады. Такси 4 жолаушыға арналған. Бір бағытқа ұшу құны – 100 доллар. Біздің теңгемен 53 мыңдай. Компания өкілдерінің айтуына қарағанда, бұл сома кейін сұраныстың артуына қарай арзандауы мүмкін.

Джобен Бевирт, Joby Aviation компаниясының бас директоры:

- Әуе таксиі қоғамдық көліктің жаңа түрі десем болады. Болашақтың көлігі. Жолаушылар уақытын үнемдейді. Мәселен, әуе таксиімен Манхэттеннің орталығынан Нью-Йорктегі кез келген әуежайға бар-жоғы 5 минутта жетуге болады. Салыстырмалы түрде айтайын, көлікпен жолға 2 сағат кетеді.

Жалпы компания электрлі әуе көліктерін шығарумен 7 жылдан бері айналысады. 3 жыл бұрын алғашқы Мэйкер атты әуе аппараты сынақтан сәтті өткен болатын. Ал, биыл компания көліктерді коммерциялық бағытта нарыққа шығаруды көздеп отыр. Әуе көлігі қолданысқа ену үшін АҚШ азаматтық авиацияның сертифкатын алуы тиіс. Жобаға қыруар қаржы бөлініп жатыр.

Авторы: Фариза Жанғанаева