Ыстамбұлда жер сілкінсе бірнеше миллион адам қаза болуы мүмкін
Түркияның Ыстамбұл қаласында алапат жер сілкінсе 4 миллионға жуық адам көз жұмуы мүмкін.
Бұл мегаполис халқының төрттен бірі.
Елдің жетекші сейсмологы Нажи Гөрүр осындай болжам жасап отыр. Оның айтуынша шаһардағы 60%-дан астам ғимарат зілзалаға төтеп бере алмауы ықтимал.
Сейсмологтар кейінгі жылдары Ыстамбұлда жойқын жер сілкінісі ықтималдығы жоғары екенін жиі ескертіп жүр. Сала мамандары алып шаһарда магнитудасы 7 және одан да жоғары зілзала болуы мүмкін деп қауіптенеді. Егер мұндай дүмпу тіркелсе 90 мыңға жуық ғимарат құлап, жүздеген мың адам опат болады дейді мамандар.
Нажи Гөрүр, Түркия ғылым академиясының мүшесі, сейсмолог:
- Жер сілкінісі кезінде Мегаполистің төрт миллионға жуық тұрғын қаза болуы мүмкін. Орасан зор шығын келмек. Ыстамбұлдағы ең беделді мекемелердің өзі қаладағы ғимараттардың 60%-дан астамы жер сілкінісіне төзімді емес екенін ашық айтады. Тіпті мұндай зілзала бүкіл елдің тұтастығына қауіп төндіреді.
Зілзаланың қашан және қай уақытта болатыны белгісіз. Сейсмологтар оның тек қай жерде және қандай күшпен болуы мүмкін екенін ғана болжай алатынын айтады. Сондай-ақ дүмпу ешқандай белгі бермей аяқасты тіркелетініне назар аударады. Сол себепті жергілікті билікке оған дайын болу үшін тиісті шараларды адын ала қолға алу керек деп кеңес береді.
Женк Ялтарык, Мармара зілзала зерттеу орталығының директоры:
- Ыстамбұл мыңдаған жылдық тарихы бар қала. Бірақ бұл өңір сейсмикалық белсенді аймақ саналады. Бұған қатысты түрлі мәліметтер бар. Оларды зерттеулерімізде негізге алып отырамыз. Оның үстіне халық ең көп шоғырланған өңірдің бірі екені белгілі. Сондықтан ғимараттар тиісті талаптарға сай салынуы керек. Әйтпесе оның салдары ауыр болады.
Шаһарда ескі ғимараттарды қайта салу немесе жаңалау үшін мемлекеттік бағдарламалар іске қосылған. Кейбір аудандарды түбегейлі басқа орынға ауыстыру жұмыстары басталған. Сондай-ақ шаһар тұрғындарына зілзала кезінде жасалуы қажет әрекеттерден құралған оқу-жаттығу жиі өтіп тұрады.
Мурат Курум, Түркия қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрі:
- Қазір Ыстамбұл бойынша 193 мың үйді жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл іске әр азамат түсіністікпен қарауы тиіс. Жер сілкінісі қауіпін әрдайым назарда ұстағанымыз жөн. Қолға алынып жатқан іс-шараларды қолдап, көмектесіп жатқан жандарға алғысымызды білдіреміз.
YOUTUBE.COM/BAHRIYE
1999 жылдың тамыз айында Ыстамбұлда, Анатолия және Еуразия тектоникалық тақтатастарының қиылысында магнитудасы 7,6 балдық жер сілкінісі болды. Тарихта «Мармара зілзаласы» деген атпен қалған табиғи апаттан ресми дерек бойынша 17 840 адам қаза тауып, 43 953 тұрғын жарақат алды. 200 мыңға жуық адам баспанасыз қалды.
Меруерт Памбетова