Семейде шыршадан құлаған ұстазға өтемақы беріле ме?
Семейдің орталық алаңындағы шыршаны құрамын деп мертіккен мүғалімге әлі өтемақы төленбеді, деп хабарлайды 24kz.
Сол күні жұмысқа тартылған Қуат Айтқали ауруханадан шықты. Осы оқиғадан соң білім бөлімінің басшысы қызметтен қуылды. Қала әкімінің орынбасары мен үш мектеп директоры қатаң сөгіс алды. Биіктіктен құлаған мұғалімнің бассүйегіне зақым келген. «Қалыпты өмірге оралу үшін бірнеше ай оңалтудан өтуі керек», - дейді жұбайы.
Қуат Айтқалиев Жаңа жыл мерекесі қарсаңызда Семейдегі қалалық шыршаны құруға барып, шамамен 5 метр биіктіктен құлады. Қазір ол үйінде ем қабылдап жатыр. Екі айдан соң оған тағы бір күрделі ота жасалады.
Сымбат Аянқызы, қала тұрғыны:
- Дәрігер өзінің шешімімен бізді үйге жіберді. Біз бірақ ол ауруханадан шыққанымен, әлі де қаралудамыз. Оңалту орталығынан әлі де ем алады. Екі айға дейін операцияға дайындаламыз.
Ал заңға сүйенген Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова мұғалімнің қосымша жұмысқа тартылғаны құжат арқылы дәлелденсе, жұмыс уақытында тартылған болса, өндірістік жарақат деп танылатынын айтты. Құжат болмаса, ешқандай өтемақы қарастырылмаған. Есесіне, мұғалімді келісімшартсыз жұмысқа шығарған адамдар жазаланады. Еңбек инспекторлары болса, науқас кейін жұмысқа жарамсыз болып қалса, өтемақы болатынын жеткізді. Бірақ әзірге нақты ешкім ештеңе дей алмады.
Тоқтарбек Түсіпбаев, Мемлекеттік еңбек инспекторы:
- Ол кісінің қазір денсаулығына байланысты жұмысқа шығып кетуі де мүмкін. Ешқандай жұмыс күшін жоғалтпай-ақ. Егер ол кісі жұмыс күшін жоғалтатын болса, онда оған өтемақылар тағайындалатын болады. Ол әлі белгісіз.
Білім басқармасы мен қалалық әкімдік өкілдері сұқбат беруден бас тартты. «Оқиғаға қатысты сот шешімі шыққан соң ғана пікір білдіреміз», - деді. Ал мұғалім жұмыс істеген №49 мектеп директоры денсаулығына байланысты демалыс алған екен. Ал оның міндетін атқарушы ешқандай ақпарат бере алмаймыз деп қысқа қайырды.
Нұрлан Құрманов, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- Ары қарай жұмысы сақтала ма, сақталмай ма, мен ештеңе айта алмаймын. Өйткені мен уақытша міндетін атқарушымын. Директорымыз 17 желтоқсаннан бастап аяғын сындырып, денсаулығына байланысты еңбек демалысында. Одан артық мен ақпарат бере алмаймын.
Бүгінде ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы, яғни, лауазымдық өкілеттерін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қаралып жатыр. Мұғалім ешбір келісімшартсыз жұмысқа тартылған болса, заңды бұзғандар жазаланады. Зардап шеккен ұстазға қандай көмек көрсетілетіні сот шешімінен кейін белгілі болады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов