Оңтүстік Кореяда дәрігерлер биліктің жоспарына наразы
Шалғай ауылдардағы медициналық көмекті жақсарту мәселесі әлемде де өткір тұр, деп хабарлайды 24kz.
Алайда қабылдаған шаралар кейде жемісін бермей жатады. Әсіресе, Үндістанда ахуал мүшкіл.
Былтыр Оңтүстік Корея үкіметі медицина саласында маман тапшылығы мәселесін шешу үшін дәрігер студенттердің санын 3000-нан 5000-ға дейін көбейтуді ұсынды.
«Қоғам қартайып бара жатқандықтан, дәрігерлердің жетіспеушілігі өткір сезіліп жатыр», - дейді биліктегілер. Алайда ақхалатты абзал жандар бұл мәлімдемеге бірден қарсы шығып, наразылық акциясын ұйымдастырды. Президент кеңсесінің жанына жиналған жұрт бұл бастама сападан гөрі санға ұмтылушылық екенін ескертті. Олардың айтуынша, елде дәрігерлер жеткілікті. Тек жалақыларын өсіріп, жағдайларын жақсарту қажет. Осы дау салдарынан ел бойынша 8 мың интерн мен ординатор өз еркімен қызметінен кетіп, ауруханалардың жұмысы тұралап қалды. Соған қарамастан, үкімет саладағы студент санын арттыру жоспарынан бас тартпады. Тек медицина мамандығына бөлінетін орын санын 500-ге ғана азайтып қойды.
Үндістанда ауылдағы медициналық ахуал көңіл көншітпейді
Үндістан билігі қанша жыл өтсе де, ауыл медицинасын аяққа тұрғыза алмай әлек. 2000 жылдардың ортасында ел үкіметі осы ахуалды жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламасын іске қосқан еді. Араға бірнеше жыл салып, ірі штаттарда өмір сүретін халық оң өзгерісті сезінгенмен, ауылдағы азаматтардың ахуалы сол күйі өзгеріссіз қалды. Бәріне саладағы жемқорлық себеп. Соның кесірінен жұрт емхана тұрмақ, кішігірім амбулаторияға жарымады. Білікті дәрігерлердің тапшылығынан тұрғындардың ауруға шалдығуы көбейді. Осыған байланысты 2013 жылы жоба қайта қаралып, жалпыұлттық денсаулық сақтау бағдарламасына біріктірілді. Айта кетейік, бүгінде Үндістан халқының 75%-і ауылда өмір сүреді.
Италия тұрғындарына ауыруға тыйым салынды
Италияның Белькастро қаласында өмір сүретін азаматтардың ауруына заңмен тыйым салынды. Осылайша, шаһар басшысы денсаулық сақтау саласындағы проблемаларға өңір билігінің назарын аудартпақ болған. Себебі 300 мыңдай тұрғыны бар қалада медициналық мекемелердің көбі дұрыс жұмыс істемейді. Ал кезекші дәрігерлер демалыс және мереке күндері қажетті көмек көрсетпейді. Жедел жәрдем көрсету бөлімі 45 шақырым жерде орналасқан. «Белькастро халқының жартысына жуығы қарт кісі екенін ескерсек, бұл біз өте күрделі мәселе», - дейді қала мэрі.
Индонезия тұрғындарының сақтандыру жүйесіне көңілі толмайды
Индонезияда 2014 жылдан бері ұлттық медициналық сақтандыру бағдарламасы жұмыс істейді. Бірақ ауыл тұрғындары әлі күнге дейін сапалы медицинаға мұқтаж. Әу баста ел билігі азаматтарды әсіресе ауылдағы жұртты қолжетімді медициналық көмекпен қамтимыз деген уәделерін орындай алмады. Себебі маман жетіспей, қаржы тапшы болды. Әкімшілік кедергілер тағы бар. Соның кесірінен көбі бірыңғай жүйеге тіркеле алмаған. 2020 жылы ел билігі жобаны жетілдіріп, тұрғындарды тіркеу процесін біршама жеңілдетіп, ақпараттық ресурстарға қолжетімділікті арттырды.