Түркияда медициналық қызметтің қолжетімділігі қандай? LIVE

Түркиядағы денсаулық саласына қатысты айтсақ. Ел азаматтары медициналық қызметті қалай алады?

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Түркияда медициналық қызметтің қолжетімділігі сақтандыруға байланысты. Елде денсаулық сақтау қызметі екі түрлі жолмен көрсетіледі. Біріншісі медициналық сақтандыру арқылы, екіншісі ақылы негізде. Медициналық сақтандыру полисі бұл ел азаматтары үшін де, ұзақ уақыт бойы тұратын шетелдіктер үшін де міндетті. Оларды сақтандыру жұмыс берушілердің жауапкершілігінде. Ал, зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мемлекеттік сақтандыру арқылы тегін ем-дом ала алады. Бұл полис бүкіл отбасы үшін рәсімделіп, мемлекеттік ауруханаларда емделуді 100%-ке дейін, жеке ауруханаларда 80%-ке дейін қамтиды, сондай-ақ дәрігер жазған рецепт бойынша дәрі-дәрмектерге дейін қамтиды. Жалпы бұл үрдіс қалай жүзеге асады, денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Али Олгун Бойдактан сұрап көрген едік.

Али Олгун Бойдак, Денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі:

- Түркияда алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтері ретінде отбасылық медицина орталықтары, ал екінші және үшінші медициналық қызметтер көрсететін мекемелерге мемлекеттік, оқу-зерттеу және университет жанындағы ауруханалар жатады. Медициналық сақтандыруы бар азаматтар, зейнеткерлер және тұрмысы төмен отбасылар аталған мекемелерден ақысыз емделеді. Ал мұндай полисі жоқ адамдар отбасылық медицина орталықтарынан алғашқы медициналық көмекті ғана ақысыз ала алады. Бірақ дәрі-дәрмек үшін өздері төлейді.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Әлеуметтік сақтандыруы жоқ және тұрмысы төмен отбасылар ақысыз емделу үшін жергілікті әкімшіліктен арнайы құжат алулары тиіс. 2025 жылғы ең төменгі таңдаулы сақтандыру төлемі теңгеге шаққанда айына 120 мың. Бұдан бөлек, жеке медициналық сақтандырулар да жақсы дамыған. Ірі және орта деңгейдегі компаниялар қызметкерлеріне осындай жеке полистерді таңдап жатады. Бір айта кетерлігі, сақтандыру полисіңізбен қай мекемелер мен қызметтерге жүгіне алатыныңызды нақты білу маңызды.