Өрт: Лос-Анджелестегі отандасымыз қауіпті аймақтағы жағдайды айтты

Біздің тілшілер Лос-Анджелесте «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан қазақстандық студентпен байланысқа шықты. Абылай Өтежан округтегі қазіргі жағдай туралы айтып берді. Отандасымыз тұратын Бурбанктегі ахуал бүгінге дейін аса қауіпті болған. Қазір жағдай тұрақталды. Сондықтан қауіпсіз жерге көшуге нұсқау берілмеген.

Абылай Өтежан, New York Film Academy студенті:

- Біз АҚШ үкіметі ұсынған барлық ұялы қосымшаларды көшіріп алдық. Оларды Лос-Анджелестің өрт сөндірушілері жасаған. Бұл қосымшалар арқылы жақын маңдағы қауіпті аумақтарды бақылап отырамыз. Біздің аумақ осы сәтке дейін қауіпті дегенді білдіретін қызғылт болып тұрды. Қазір сары түске ауысқан. Яғни қауіп азайды деген сөз. Мен тұратын ауданда ешқандай өрт болып жатқан жоқ. 2 күн бұрын Studio City деген аудан отқа оранды. Ол біздің ауданға өте жақын болатын.