АҚШ-та орман өртінен болған шығын 150 млрд долларға жетуі мүмкін
АҚШ-тың Калифорния штатындағы орман өрті дес берер емес.
Жалын шарпыған аумақтың көлемі артып барады.
Осы уақытқа дейін 17 мың гектар жерді тып-типыл еткен. 24 адам опат болып, мыңдаған нысан күлге айналды.
Келли Фостер, жергілікті тұрғын:
- Не дерімді білмеймін. Шынымды айтсам, қазір қандай күйде екенімді бір сөзбен сипаттау мүмкін емес.
Келли Фостер күлге айналған үйін айналшықтап кете алмай жүр. Енді не істерін білмейді. Жылдар бойы армандап жеткен баспанасы отқа оранып, отбасы далада қалды. Ендігі ойы үйін тезірек қалпына келтіріп, көшіп алу. Бірақ, бұл арманның ақиқатқа айналуы әзірге екіталай.
Келли Фостер, жергілікті тұрғын:
- Үйіміз өзімізге қатты ұнаушы еді. Бүгін осында келіп, баспанамызды алғаш көргенде көз жасымды тоқтата алмадым. Аңсап жеткен үйіміздің түгі қалмаған.
Ада Фостер, жергілікті тұрғын:
- Енді бәрі тек естелік болып қалатынын кім білген! Осында келіп, бәрін өз көзіңмен көру мен үшін өте ауыр. Үйіміздің жанып кеткеніне әлі де сенер алар емеспін.
Қазір Калифорния штатында мыңдаған жанұя Фостерлердің күйін кешіп жүр. Алапат орман өртінен осы уақытқа дейін 12 мыңдай үй жанып кеткен. Бірақ бұл сан әлі өсуі мүмкін. Себебі екпінді жел кесірінен жолындағының бәрін жайпап жатқан жалынды 20 мыңдай маман сөндіре алмай әлек. Отқа оранған аумақтың тек 10-15 пайызы бақылауға алынған.
Энтони Марроне, Лос-Анджелестегі өрт сөндіру қызметі бөлімшесінің басшысы:
- Қауіп сәрсенбіге дейін сақталады. Өрт сөндіру қызметі оған тас-түйін дайын. Қауіпсіздік мақсатында үйлерде электр қуаты сөндірілді. Осылайша, апаттың алдын алып, азаматтардың өмірін құтқаруға мүмкіндік көбірек болады.
Аймақта төтенше жағдай режимі жарияланды. Тұрғындарға мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес берілді. Себебі түтіннен тұрғындардың денсаулығы сыр бере бастаған.
Афиф Әл-Хасан, АҚШ Өкпе аурулары қауымдастығының өкілі:
- Тек табиғи заттар жанса, одан шыққан түтіннің зияны басқаша болар еді. Бірақ қазір адам қолымен жасалған мүліктер де өртеніп жатыр. Олардан бөлінетін химиялық заттар адам өкпесіне кетіп, қанға өтеді. Бұның зияны орасан зор.
Қалай болғанымен, ел билігі барша азаматтарға басу айтып, демеу боламыз деп отыр. Президент Байден өрттен келген шығынды федералды үкімет 100 пайыз өз мойнына алатынын айтты. Қалталылар да шет қалмай, шама-шарқынша көмек көрсетуге кірісті. Сарапшылардың болжамы бойынша, тілсіз жаудан келген шығын көлемі 150 миллиард долларға жетеді.