Д. Байден: Өрттен кейінгі қалпына келтіруге ондаған млрд доллар қажет
АҚШ-тың Калифорния штатындағы алапат өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына ондаған миллиард доллар қажет. Бұл туралы Ақ үй басшысы Джо Байден мәлімдеді.
Ол табиғи апаттан келген барлық шығынды федералдық үкімет жабады деп уәде берген. Байденнің айтуынша, қаражат бастапқыда 180 күн үшін бөлінеді. Осы мерзімде қоқыстарды жойып, уақытша баспаналармен қамтамасыз етуге және алғашқы көмек көрсетушілерге жалақы төленеді. Елдің ұлттық ауа райы қызметі бүгін табиғи апат жайлаған аймақта ерекше қатерлі болатынын ескертті. Өйткені жел күшейіп, екпіні сағатына 105 шақырымға жетеді деген болжам бар. Мамандар тілсіз жау 1 миллион 800 мың адам тығыз орналасқан Сан-Фернандо аңғарына өтуі мүмкін деп қауіптенеді. Отқа оранған өңірде шамамен 1200 полиция жіберілді. Олар тұрғындар қалдырып кеткен дүние-мүлікті ұры-қарыдан қорғап жүр. Тонаумен айланысты деген күдікпен 29 адам ұсталды. Полиция олардың жергілікті тұрғындар емес екенін айтады.
Джо Байден, АҚШ президенті:
- Федералды үкімет барлық шығынды 100% көтереді. Лос-Анджелесті бұрынғы қалпына келтіру үшін ондаған миллиард доллар керек. Барлық қажетті соманы Конгрестен сұраймыз, олар қолдау көрсетуге тиіс. Құдай қаласа, біз мұны жасаймыз.