Брюссельде зейнетақы жүйесін өзгертуге қарсы шеру өтті
Брюссельде ондаған мың адам жалпыұлттық шеруге шықты.
Ереуілшілер арасында көлік, медицина, білім беру, өрт сөндіру және басқа салалардың қызметкерлері бар. Наразы топтың саны бойынша мәлімет әртүрлі. Кейбір дерек көздері көшеге 50 мың белсенді шықты дейді. Бельгия билігі зейнетақы жүйесін өзгерткелі жатыр. Жаңа реформа бойынша, зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер көлемін жылына 3 миллиард еуроға қысқарту көзделген. Қарсылық шарасына байланысты әуе рейстерінің 70 пайызы кейінге шегеріліп, оқу орындарының 30 пайызы жабылды. Теміржол қатынасында да кедергі туған.
Давид Дюпир, қоғамдық қызмет саласы кәсіподағының өкілі
"Біз қызметкерлеріміздің лайықты зейнетақы алу және зейнеткерлікке ақылға қонымды жаста шығу құқығын қорғаймыз. Билік теміржолшылар, полицейлер, өрт сөндірушілер мен басқа қызметкерлерге арналған жеңілдіктерді алып тастағысы келеді. Өмір бойы зейнетақы төлемін аударып келе жатқан адамдар көп. Бұл ақша олардың болашақтағы несібесі."