Оңтүстік Кореяда ірі әуе апатынан кейін барлық әуежай тексеріледі

Оңтүстік Кореяда барлық әуежай тексеріледі. Бұл туралы елдің Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі хабарлады. Тексеру 29 желтоқсанда болған әуе апатынан кейін жүргізілуде.

Еске сала кетейік, Бангкоктан Муанға ұшып бара жатқан ұшақ қону кезінде апатқа ұшыраған болатын. 179 адам қаза тапты. Оңтүстік Кореяда ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

Владислав Цой, тілші:

-Муандағы әуе апатының нақты себебін анықтау мүмкін болмайтын сияқты. Себебі Boeing 737-800 ұшағының қара жәшіктері ұшақ бетон құрылыспен соқтығысып, жарылғанға дейін 4 минут бұрын істен шыққан. Ал сарапшылардың пікірінше, егер құрылыс болмағанда, адам өлімі аз болар еді. Сондықтан Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі елдегі барлық әуежайды тексеріп, ұшу қауіпсіздігіне қауіп төндіретін барлық объектілерді бұзу немесе қайта салуды жоспарлап отыр. Муандағы ұшақ биіктігі шамамен 2 метр болатын үйіндімен соқтығысқан. Осындай топырақ үйінділерінің биіктігі Ёсу әуежайында 4 метр, Кёнджу әуежайында 2 метр және Кванджу әуежайында 1,5 метр болады.

Ким Хён Сук, Корея республикасының Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігінің ресми өкілі:

- Жер, инфрақұрылым және көлік министрлігі 13-21 қаңтар аралығында елдегі барлық әуежай нысандарына арнайы тексеріс жүргізіп, оның нәтижелері бойынша кешенді қауіпсіздік шараларын әзірлеуді жоспарлап отыр. Әсіресе қону бағытын басқару жүйелері бойынша жақсарту шаралары қаңтар айында әзірленіп, жыл соңына дейін жүзеге асырылмақ.

Владислав Цой, тілші:

- Сонымен қатар Муандағы әуе апатында қаза тапқан барлық азаматты жерлеу рәсімі аяқталды. 18 қаңтарда осы қалада азаматтық аза тұту күні өтеді.

Әуе апатынан кейінгі екі апта ішінде жолаушылардың Jeju Air әуе компаниясына деген сенімі біртіндеп қалпына келуде. Компания мәліметінше, апаттан кейін екі күн ішінде 29-30 желтоқсанда шамамен 68 мың билет кері қайтарылған. Jeju Air 2023 жылдың 29 желтоқсанына дейін сатып алынған билеттер үшін ақшаны толық қайтаруға немесе билеттерді комиссиясыз басқа күнге ауыстыруға мүмкіндік беруде. Бұл акция барлық ішкі және халықаралық рейстерге қолданылады.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян