Біріккен Араб Әмірліктерінде бала мен ата-ана мәртебесіне қатысты заң күшейеді
Енді Біріккен Араб Әмірліктерінде жақын туысының баласымен рұқсатсыз саяхаттап жүргендер қомақты айыппұл арқалайды, деп хабарлайды 24kz.
Оның мөлшері біздің ақшаға шаққанда ондаған млн теңгеге жетуі мүмкін.
Ел билігі биыл бала мен ата-ана мәртебесіне қатысты заң нормаларын қатаңдатып жатыр. Соның аясында кәмелет жасқа толмағандардың мүлкі мен есепшотына бақылауды күшейту де көзделген.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Парсы шығанағының шағыл құмында орналасқан бұл мемлекет қатаң заңдарымен ерекше. Енді олардың қатары бала мен ата-ана мәртебесіне қатысты өзгерістермен толығады. Соңғысы моральдік тұрғыда аса маңызды. Мәселен, алдағы сәуір айынан бастап Әмірліктерде кәмелет жасқа толмаған баламен арнайы рұқсат қағазынсыз саяхаттап жүргендер қомақты айыппұл төлейді. Мөлшері ең көп дегенде 15 млн теңгеге жуықтайды. Бұл норма шетелдік туристерге де қатысты болуы мүмкін. Ескере кететін жайт, бүлдіршіннің қамқоршысы деп танылған тұлғада сот шешімі немесе ата-ананың сенімхаты болуға тиіс. Биыл күшіне енген бұл өзгерістердің тағы бір парасы жергілікті араб қоғамындағы отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталып отыр. Мәселен, ата-анаға көмек беруден жалтарып, қажет кезінде қаржылай қолдау көрсетпей жүргендер заң бойынша жазаланады. Бұл ретте де айыппұл 100 мың дирхам, яки біздің ақшаға шаққанда 15 млн теңгеге жетіп жығылады. Елдің байырғы тұрғындары жаңашылдықтарды құптайды. Себебі егде жастағы кісілерді құрметтеу мен қамқорлыққа алу ұлттық таным-тәрбиеде бар түсінік. Ал балаларға көрсетілетін қолдаудың тіпті жөні бөлек. Өмірге келген сәттен кәмелет жасқа дейінгі аралықта олар ата-ана немесе арнайы қамқоршының назарында болады. Осы істе қандай да бір олқылық кетпес үшін балалар шотына түсетін әрбір тиынды үкімет жіті бақылайды. Ол аздай, қаржыға рұқсатсыз қол сұғуды болдырмайтын заң нормасы қарастырылған. Министрлер кабинеті жариялаған хабарламада мұндай жаңашылдық баланың заңды мұрасына алаяқтық жолмен иелік етуге жол бермейді делінген. Жалпы Әмірліктерде кейінгі жылдары алаяқтық қылмыстар жиілеп барады. Сондықтан онымен күрес шараларына мемлекеттік деңгейде баса мән беріле бастаған.
Авторы: Рауан Мыңбай